• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Мамыр, 2021

Елорданы газдандыру жұмыстары қалай жүріп жатыр?

455 рет
көрсетілді

Елорда әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында қаланы газдандыру бойынша жұмыстың қалай жүріп жатқаны туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Елорданың жеке секторын газдандыру жұмыстарын жалғастырамыз. Тағы бір елді мекенде (Көктал-1) газ тарату желілерінің құрылысы аяқталды. Онда қазір іске қосу-жөндеу жұмыстары (сығымдау, үрлеу) жүргізілуде. Қала елді мекендерінде барлығы 345 км астам орамішілік газ тарату желілері салынды.

Тұрғын үйлерді аралауды жалғастырамыз. Күйгенжар, Интернациональный, Мичурино елді мекендеріндегі газдандыру барысымен таныстым. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ осы елді мекен тұрғындарының үйлерін жаңа жылыту маусымында газға қосуды жоспарлап отыр», дейді қала әкімі.

Елорда әкімінің айтуынша, осы жылыту маусымында Оңтүстік-Шығыс, Промышленный, Көктал-1, Агроқалашық елді мекендерінің тұрғындары да газға қосылу мүмкіндігіне ие болады. Қазір газ тарату желілерін салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Өткен жылыту маусымында газ тарату желілері Железнодорожный, Көктал-2, Агроқалашықтың бір бөлігінде жүргізілді. Газдандыру басталған сәттен бастап аз қамтамасыз етілген отбасыларға үйлерді газға көшіру бойынша әлеуметтік көмек көрсету тетігі енгізілді.

«Елді мекендерді аралау кезінде тұрғындармен аудандардың одан әрі дамуын талқылаймыз. Бұл инженерлік-жол инфрақұрылымы, әлеуметтік тұрғын үй, мектептер, медициналық нысандар, жолдар салу және т. б. мәселелер. Сондай-ақ қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды абаттандыру, көгалдандыру, жарықтандыру және т. б. мәселелер. Тұрғындардан көтерген мәселелерді жоспарға аламыз.

Елорданы газдандыру мен елді мекендерді дамыту – Мемлекет басшысының бақылауында», деп жазды Алтай Көлгінов.