• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қаржы 12 Мамыр, 2021

Биыл медициналық көмек көрсетуге 1,8 трлн теңге бөлінеді – ӘМСҚ басшысы

259 рет
көрсетілді

2021 жылға арналған сатып алу жоспары бойынша халыққа медициналық көмек көрсетуге 1,8 трлн теңге, оның ішінде ТМККК – 1,1 трлн теңге, МӘМС – 700 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы ОКҚ өткен брифингте Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Болат Төкежанов хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

«Биыл біз сақтандыру қаражаты түсімдерінің болжамын 150 млрд теңгеге ұлғайтамыз. Бұл ақшаны қайда жұмсау маңызды? Пациент медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасасқан кез келген клиникада, оның қай жерде орналасқанына және меншік нысанына қарамастан, сапалы медициналық көмек алуы тиіс. 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қор 1 363 медициналық қызмет жеткізушімен шарт жасады, оның ішінде 688-і жеке меншікті клиникалар, өткен жылы олардың саны 635 болды. Халыққа медициналық қызмет көрсету үшін тартылатын жеке меншік жеткізушілердің өсу үрдісі сақталуда. Бұл пациенттің ең жақсы клиниканы таңдау мүмкіндігі. Медициналық қызметтерді жеткізушілердің тізімі Қордың Fms.kz сайтында жарияланған»,  деп атап өтті Болат Төкежанов. 

Ауылдық жерлерде медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру үшін өткен жылы 100 жылжымалы медициналық кешен сатып алынды, биылғы жылы барлық ауыл тұрғындарына 149 ЖМК қызмет көрсетеді, олардың ішінде бейінді мамандардың консультацияларын алуға, скринингтерді қоса алғанда, диагностикадан өтуге, зертханалық талдаулар тапсыруға, вакцинация жасауға, ауруханаға жатқызуға жолдама алуға және медициналық көмектің бірқатар басқа да түрлерін алуға болады. Бірінші тоқсанда «жылжымалы емханалар» деп аталатын мобильді медициналық кешендер арқылы ауыл тұрғындарына 231,9 млн теңгеге 120 мың медициналық қызмет көрсетілді.

Болат Төкежановтың айтуынша, мақсатты топтағы пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. 2021 жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 152,4 млрд теңге бөлінді, оның ішінде ТМККК шеңберінде – 122,3 млрд теңге, МӘМС-30,1 млрд теңге. 

Қор қажетті дәрі-дәрмек сатып алудағы кідірістерге жол бермеу үшін алдын ала аванстық төлемдер түрінде дәрі-дәрмектерді сатып алуға қаражат бағыттайтыны туралы айта кеткен жөн.