Украинадағы Жоғары антикоррупциялық сот бұрынғы президент әкімшілігінің басшысы Андрей Ермак үшін белгіленген кепілпұлдың толық көлемде төленгенін растады. Кепілпұл мөлшері 140 миллион гривенді (шамамен 3,1 миллион АҚШ доллары) құрайды. Қаражаттың түсуіне байланысты Ермак тергеу изоляторынан босатылуы мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz.
Тергеу изоляторында отырған Ермак қаржы толық төленгеннен кейін қамаудан шығу құқығына ие болды.
Айта кетейік, оған қатысты айып 11 мамырда тағылған. Украинаның Мамандандырылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы прокуратурасы (САП) оны Киев маңындағы элиталық тұрғын үй кешенінің құрылысы барысында қаражатты заңдастыру ісіне қатысы бар деп айыптады.
Бұған дейін Жоғары антикоррупциялық сот оны қамауға алып, кепілмен босатуға рұқсат берген болатын. Алайда Ермак мұндай соманы төлеуге мүмкіндігі жоқ екенін айтып, оны негізсіз деп атаған. Оның қорғаушылары апелляция беруді жоспарлаған. Соған қарамастан, қажетті қаражат кейіннен табылған.
Сонымен қатар, Ермактың СИЗО-да ақылы камерада отырғаны да хабарланған.
Айта кетейік, Ресейлік БАҚ-та тараған Елена Зеленскаяға қатысты қылмыстық іс қозғалуы мүмкін деген ақпаратқа байланысты Украинаның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросы мен Мамандандырылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы прокуратурасы президент жұбайына қатысты ешқандай тергеу әрекеттері жүргізілмейтінін мәлімдеді.