• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Мамыр, 2021

Авиация саласы қолдауға мұқтаж

318 рет
көрсетілді

Тосыннан келген тоқырау әуе нарығын да айналып өткен жоқ. Былтыр төтенше жағдай жариялана салысымен рейс біткен тоқтады. Халықаралық тұрмақ, ішкі рейстердің өзімен ұшудың әуре-сарсаңы көбейіп кетті. Отандық әуе компаниялары жоспарлап қойған табыстарынан қағылып, жан сақтап қалудың өзі үлкен жетістікке айналды. 2020 жылы әуе компаниялары тиын-тебенге қарап қалды десе де болғандай.

Рейс азайды, қарыз көбейді

2019 жылы компаниялар 403 млрд теңгені шытырлатып санап алса, былтырғы табыс небәрі 187,7 млрд теңгемен шектелген. Осы орайда отандық әуе компанияларына хабарласып, қазіргі хал-ахуалын, шығын көлемін, қолдауға қаншалықты зәру екенін, алда болуы мүмкін қатаң шектеуге дайындығын, баға саясатының қалай өзгергенін сұрап білдік.

2020 жылы Air Astana әуе компа­ния­сы­ның табысы 2019 жылмен салыс­тырғанда 81 пайызға азайып, 33,1 млн доллар болыпты. Дегенмен әуе ком­па­ния­сының өкілдері пандемияның ауыр зардап әкелгеніне қарамастан, өзде­рі­нің қаржылық жағдайын тұрақты деп баға­лайды. 2021 жылдың қаңтар-ақпан айларындағы қаржылық көрсеткіші 2017 жылдан кейінгі ең жоғары деңгейге жеткен. Сірә, мұны өз-өзін жұбату деп те бағалауға болатын шығар. Өйткені былтыр әуе сапарларының күрт қысқаруына бай­ланысты компания қызметкерлерінің үштен екісін ақылы еңбек демалысына жі­берген.

– Бос тұрып қалу режіміне кет­­кендерге жалақының 50 па­йы­­зы төленді. Барлық сыртқы вакан­­сияларды белгісіз мер­зім­ге дейін тоқтаттық. Қазір әуе компаниясының «Халық банк Қазақстан» АҚ алдында 156,4 млн доллар көлемінде қарызы бар. Мемлекет алдында қарызымыз жоқ. Қарыз жүк­те­месін төмендетудің бір нұс­қа­сы – Ұлттық банктің авиация саласында жұмыс істейтін квазимемлекеттік компанияларға (COVID-19 пандемиясынан көп зардап шеккен) мүмкіндік беретін шағын және орта бизнесті жеңілдетілген несиелеу бағдарламасына түзетулер енгізу. Тағы бір нұсқа – «Даму» қорының ірі кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасына (екінші деңгейлі банктерден алынған займдар бойынша сыйақының бір бөлігін субсидиялау) өзгерістер енгізу, – делінген компания баспасөз қызметінің жауабында.

Qazaq Air әуе компаниясы 2020 жылы алдын ала жос­пар­лан­ған табыстың 40 па­йызын ала алмаған.

– 2020 жылы компания табысы 2019 жылмен салыстырғанда 5 пайызға немесе 7 млн 652 мың теңгеге дейін төмендеді. Дегенмен уақтылы қабылданған экономиканы қолдау шаралары арқылы 2019 жыл деңгейіндегі нәтижелілікті қам­та­масыз ете алдық. Пандемия кезінде және одан кейін де әуе компаниясы жұ­мыс­­шыларды қысқартқан жоқ. Жалақы да уақтылы төленді. 2020 жылдың көктемінде бір жарым ай бойы жұмыс тоқтап тұрды. Сосын 1 мамырдан бастап кезең-кезеңімен рейс­тер жасала бастады. Бірінші айда компания жұ­мыс­шыларды ақылы еңбек демалысына жіберді. Экономикалық қорғау мақ­са­тында локдаун ке­зінде бір айдағы жалақыны 40 және 20 пайызға қысқарту туралы бірауыздан шешім қабылданып, жазғы қызмет деңгейімізді қалпына кел­ті­руге тырыстық, – дейді компания.

Компанияның қазіргі сәтте қандай да бір қарызы бар ма? Бұл сұраққа Qazaq Air «Компаниямыз «Самұрық-Қазына» АҚ акционері ұсынған заемдық қаражат есе­бі­нен қаржыландырылады. Қарыз портфелі бойынша деректер жыл сайынғы аудиторлық қаржылық есепте толыққанды көр­сетілген», деп жауап берді. Олар аза­мат­тық әуе тасымалына мемлекет қол­да­уы тұрақты негізде көрсетілуі керек деп санайды.

– Таяу Шығыс, Еуропа немесе көршілес Ресей, Қытай елдерімен салыстырғанда біздегі әуе тасымалы әлі қалыптасу сатысында тұр. Әуе тасымалы бойынша әлемдегі табысты гиганттардың өзіне мемлекет қолдауы көрсетілген. Өйткені әуе маршруттарының инфрақұрылымы елдің эко­номикалық негізі іспетті. Құры­лыста капи­талды көп қажет ете­тін инвестицияға мұқ­таж әуе­жай­лардың жерүсті инфра­құ­ры­лымына көңіл бөлумен қатар әуе паркін кеңейту және халықаралық рейстерді орындау, мүдделерді қорғау бойынша да отандық әуе компанияларына қолдау өте қажет, – дейді.

Халықаралық рейстен қайран жоқ...

SCAT әуе компаниясы 2019 жылы 2  млн 300 мың жо­лаушы тасымалдаса, 2020 жылы 1 млн 260 мың жолаушы ғана тасымалдаған. Былтыр ха­лықаралық рейстер негізінен қаңтар-ақпан айларында ғана орындалып, сосын ұзақ уақытқа дейін тоқтап қалғандықтан, SCAT репатриациялық рейстер есебінен жан баққан.

2020 жылдың мамыр, маусым айларында компания Армения, Ресей, Грузия, Жапония, БАӘ, Тайланд, Оман, Түркия, Чехия және Корея елдерінен қазақ­стандықтарды алып келді. Бас­пасөз қызметінің жауабынша, пандемияға дейін компания 85 тұрақты және 40 туристік ба­ғыт бойынша рейстер орындап, жыл сайын жаңадан 10 бағыт ашып отырған. Ал қазір тұ­рақ­ты негізде «Ақтау – Үргеніш» және «Шымкент – Ыстанбұл» бағыттарын қа­на­ғат тұтуға мәж­бүр.

– 2020 жылы әуе компа­ния­сы­ның тікелей шығындары 12 млрд теңгені құрады. Бұдан бөлек, компания 1,8 млрд теңге көлемінде орындалмаған рейстердің билет құнын 100 пайыз қайтарып берді. Елдегі ТЖ кезінде компания 3 мың рейсті тоқтатты. Бұл – 98 мыңнан астам билет. 2019 жылдың бірінші тоқсанында 433 мың жолаушы та­сымалдасақ, 2021 жылдың бірінші тоқ­са­нында бұл көрсеткіш 404 мыңды құрады. Халықаралық рейстердің едәуір қысқаруына байланыс­ты табыс та тө­мен­деді. 2020 жылдың сәуір айында Ин­дустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация ко­ми­те­ті­мен бірлесіп, авиа­ция саласын қолдау шараларын ұйымдастырды. Үкімет 20 сәуірде бірқатар салық пен әлеуметтік төлемдер ставкасына байланысты «0» түзету коэффициентін енгізу туралы қаулы шығарды. Үш айға жұмысшылардың жалақысынан есептелетін салықтардан босату шарасы ұсынылды. Компания бұл қаражатты өндірістік қыз­мет­ке бағыттауға мүмкіндік алды, – дейді SCAT өкілі.

Air Astana да халықаралық рейстердің біршама шектеліп қалғанын мәлімдеді. Бағыттар бойынша ғана емес, аптасына жүзеге асырылатын рейстер саны да азайған.

 

Жолаушылар ағыны арта бастады

Жыл басталғалы үш айда Air Astana 1,3 млн жолаушы тасымалдаған. 2020 жыл­дың үш айы­мен салыстырғанда 8 па­йыз­ға көп.

– 2020 жылы компания 3,7 млн жолаушы тасымалдады. Бұл жоспарланған деңгейден 54 пайызға төмен. ТЖ жария­ланып, тұрақты рейстер тоқтаған кезде Air Astana пандемияға байланыс­ты пайдаланылмаған билеттер ақысын толық көлемде қайтарды. Жолаушыларға өз билеттерін басқа мерзімге қайта брондайтын, тіпті бағытты өзгертетін де мүмкіндік ұсы­нылды. Клиент­теріміздің сенімі мен адал­дығы біз үшін аса маңызды, – дейді Air Astana.

Qazaq Air 2020 жылдың қорытын­дысы бойынша 432 мың жолаушы тасы­мал­да­ғанын, бұл 2019 жылмен салыс­тыр­ғанда 15 пайызға жоғары екенін мәлімдейді.

– Нұр-Сұлтан қаласындағы бұрын құрылған аймақаралық хаб арқылы жаңа маршруттық желінің қуаттылығы артты. Әуе рейстерінің саны мен тұрақты әуе мар­шруттары көбейді. Жолау­шы­лар ағынының айтарлықтай көбеюі қазақ­стан­дықтардың Qazaq Air компания­сы­мен ұшуды қолай көретінін аңғар­та­ды. 2020 жылмен салыстырғанда 2021 жылдың бірінші тоқсанында жолаушылар ағыны 65 пайызға ұлғайды. Біздің компания қазіргі таңда халықаралық рейстерді орындап жатқан жоқ, – дейді компания.

SCAT дағдарыс сәтінде қыз­мет­кер­лерді қысқартпаған. Оның ішінде ше­тел­дік қыз­мет­керлерді де.

– Былтыр әуе тасымалдау­шысы жұмыс орындарын 100 пайыз сақтап қалу үшін барлық мүм­кін шараларды жасады. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін ТЖ режімі кезінде үнемдеу режімін іске қостық. Әкім­шілік департаменттердің біраз бөлігі қа­шықтан жұмыс істеп, олар төменгі жалақымен қамтамасыз етілді. Стратегиялық маңызы бар қызметтер штаттық ре­жім­де жұмыс істеді. ТЖ ке­зінде Қазақстан әуежайларында қосым­ша әуе кемелері орналас­­ты­рылып, резервтік экипаждар кезекшілік атқарды. Әуе тасы­мал­дарының қайта жандануы себепті барлық департамент қауіпсіздік талап­та­рын сақтай отыра қалыпты жұмыс кес­тесіне ауысты. Жолаушылармен тіке­лей байланысатын және әуе кемеле­рі­мен жұ­мыс істейтін барлық персонал күн­де­лікті медициналық тексеруден өтеді, – деп жауап берді компания.

«Жетісу» әуе компаниясы 2019 жылы 61 042 жолаушы тасымалдаса, 2020 жылы 52 585 жолаушы тасымалдаған. «2021 жыл­дың басынан бері жолаушылар ағыны оң динамика көрсеткен жоқ», – дейді компа­ния.

Баға саясаты қалай өзгерді?

Air Astana вице-президенті Айдар Қошқарбаев ішкі маршруттар бо­йынша қосымша құн салығына нөлдік ставка енгізу және лизингтегі ұшақтар үшін алынған бөлшектерге берілетін салық жеңілдігін ұзарту туралы ұсы­ныс білдірген еді. Компания бас­па­сөз қызметінің жауабында аталған бас­та­маның мемлекет тарапынан қолдау таппағаны айтылды.

– Аталған бастамаға оң көз­­қарас таныту 2020 жылғы ұлт­тық валютаның құнсыздануы жағдайында тарифтерді ұстап тұруға (шығындардың 70 пайызы шетел валютасында көрсетілген кезде), жо­лау­шылар ағынын қалпына келтіруге, әуе индустрия­­­сы қатысушыларынан түсе­тін табыс және басқа да салық төлем­де­рі көлемінің артуына мүмкіндік беруші еді. Өкінішке қарай, оң шешім шықпады. Ресейде ішкі рейстерде қосымша құн салығына нөлдік ставка қолданылып жатыр. Бастапқыда олар бұл шешімді 10 жыл мерзімге деп қабылдап, кейін мерзімін шектеусіз етіп жасады. Пандемияға байланыс­ты әуе компанияларына салық ауыртпалығын төмендету мақ­сатында қосалқы бөлшектер импортына салық жеңілдіктерін 2021 жылдың соңына дейін тоқтату туралы ұсыныс әлі қаралуда, – дейді компания. Сондай-ақ компания «Баға саясаты өзгерген жоқ. Опера­циялық қыз­­мет­тердің қыс­қар­уы салдарынан шы­ғын­дар­дың күрт артып кетуіне қара­­мас­тан, әуе компаниясы өз рейс­те­ріне тариф құнын көтерген жоқ», деп мәлімдеді.

Qazaq Air компаниясы да қосалқы бөл­шектерді импорттауға арналған жеңіл­діктің ұзартылуын қолдайды.

– Қазіргі норма қосалқы бөлшектердің 3-5 пайызын ғана қам­тып тұрғандықтан, тізім кеңей­тілуі керек деп санаймыз. Им­порттық салық барьерлері жергілікті өн­діру­шілерді қолдауға бағытталған. Бірақ пайдаланылатын ұшақтарға арналған қосалқы бөлшектер Қазақстанда және ЕАЭО-да шығарылмайды. Осылайша, ұшақтарға арналған қосалқы бөлшектерді кедендік рәсімдеуден өткізу әуе билетінің құнын қымбаттатуға алып келеді, – дейді. Компания өкілдерінің айтуынша, олар төменгі баға сая­сатын сақтайды және баға мен қызметтер арақатынасын есепке ала отырып тарифтер әзірлейді.

– Биыл наурыз айында компания тариф саясатын қайта қарап, тариф сеткасын толықтай оңтайландырды. Компания қазақ­стан­дықтардың діттеген ме­жесіне тез әрі жайлы жетуі үшін база­лық кестені жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр, – делінген жауапта.

«Жетісу» әуе компаниясының хабар­ла­уынша, 2020 жылы табыс 21 па­йызға құл­дыраған. «Соған қарамастан, қыз­мет­керлерді қысқарту болған жоқ. Олар­дың жалақысын уақтылы төлеп тұрдық. Компания жүзеге асыратын рейстер субсидия есебінен болғандықтан, баға саясаты пандемия кезінде өзгеріссіз қалды», дейді компания берген жауабында.

SCAT 2020 жылдың маусым айында жұ­мыс істеудің балама моделіне көшіп, жаңа жағдай бойынша тарифтердің 3 категориясын – LIGHT, OPTIMUM және FLEX тарифтерін ұсынып отыр.

 

Онлайн қызмет көрсету

Дағдарыс салқынын сезген соң компания өз маркетплейсін қаншалықты же­тіл­дірді деген сұраққа екі әуе компания­сы жауап қатты. Air Astana-ның ай­­­­­туынша, электронды пошта және SMS-хабар­лама сияқты дәстүрлі тәсілден бөлек, корпоративті сайтта баратын елдің сани­­­тарлық талаптары, сондай-ақ ұшу са­парын тоқтату немесе қайта жаңарту бойынша өзекті ақпараттарды жариялап отыратын арнайы парақша ашылған.

– «Онлайн-консультант» функ­­циясын да іске қостық. Жо­лау­­шылар басқа мемлекетте оты­рып-ақ әуе компания­сы­мен байланыс орната алады. Біз құрастырған чат-бот жылдам әрі нақты жауап беріп, жолау­шыларды сенімді ақпаратқа бағыттайды, – дейді компания.

Qazaq Air де клиентпен жұмыс істеу функциясын барынша жетілдірген секілді.

– 2020 жылы компания би­лет­терді брондаудың жаңа жүйесі мен әлдеқайда ың­ғай­лы интерфейске ие жаңа веб-сайтты іске қосты. www.flyqazaq.com сайтынан билет сатып алу кезінде жолау­­­шылар алдын ала борттағы орынды брондап, багаж немесе қол жүгі көлемін кеңейтіп, үй жануар­­лары мен спорт құралдарын тасымалдауды резервтей алады. Сонымен қатар IQ Bonus адалдық бағдарламасын іске қостық. Оның қатысушыларына билетке жеңілдік (3 пайызға дейін) немесе Qazaq Air рейстерімен ұшқаны үшін бонустар жинау мүмкіндігі ұсынылады. Жиналған бонустарды арнайы бонустық билетке ауыстыруға болады, – дейді.

 Әуе көлігі халықаралық қа­уым­­дастығының (IATA) дере­гіне сүйенсек, 2020 жылы халықа­ра­лық жолаушылар тасымалына деген сұраныс 2019 жылғы деңгейден 75,6 пайызға төмен болған. Ішкі сұраныс бір жылда 48,8 пайызға азайған. IATA 2021 жылы авиация саласы 47,7 млрд доллар жо­ғалтады деп болжайды.

«Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасы Логистика және тасымалдау комитетінің аза­маттық авиация жөніндегі қосалқы комитетінің төрағасы Дәулет Хамзин «ішінара көрсе­тіл­ген мемлекет қолдауы авиа­ция саласының жағдайын тү­зей алмады» дейді.

– Шағын және орта бизнес қолдау тапты да, ірі әуе компаниялары мен әуежайлар мемлекеттік қолдау пакеті бағытталған кәсіп­орын­дар тізіміне енген жоқ. Нәти­же­сінде, әуе кәсіпорындары екінші, үшінші тоқсанда мүлік және жер салығын төлеуден ғана босатылды, – дейді Д.Хамзин. Оның айтуынша, кейбір әуе­жай­лар­да жұмысшылар қысқарып, жалақы уақтылы берілмей, қажетті техникалар сатып алынбай қалған. Ал мұның бәрі әуе сапарларының қауіп­сіздігіне теріс әсер еткен. Сондай-ақ әуежай территория­сында орна­лас­қан ШОБ субъектілерінің жал­ға алу ақысын төлеуден босатылуы да авиация саласы үшін қосымша ауырт­палыққа айналған.