Венада Иранның ядролық қару бағдарламасы жөніндегі келіссөздердің төртінші раунды өтіп жатыр. Тараптар 2015 жылғы шарттың маңызына тоқталғанымен, әзірге екіжақты келісімге келу қиынға соғып тұр.
Уақыттың аз қалғанына қарамастан, жиынға қатысушылар АҚШ-тың қай санкцияларды алып тастауы, Иранның уран өндірісіне қатысты мәселелері жөнінде ортақ мәмілеге келе алар емес.
Венадағы жиынға кепіл елдер ретінде Франция, Германия, Ұлыбритания, Ресей, Қытай және Еуропалық Одақ қатысты. Аталған мемлекеттердің өкілдері Иран мен АҚШ-тан келген әріптестерімен жеке-жеке кездесіп, келіссөздер жүргізіп жатыр. Бір қызығы, мұхиттың арғы жағынан келген делегаттар бөлек қонақүйде, ал Тегераннан ат арытып келген делегаттар келесі, жолдың екінші бетіндегі қонақүйге жайғасқан.
Екі тарапты да асықтырып отырған мәселе мынада. 18 маусымда Иранда президенттік сайлау өтеді. Қазіргі президент Хасан Рухани екі мерзімге сайланғандықтан, алдағы саяси бәсекеге қатыспайды. Үміткерлерді тіркеу енді басталды. Бірақ сарапшылардың пайымдауынша, ұлтшыл идеяны қолдайтын консерваторлар тобы жеңіске жету ықтималдылығы жоғары. Ал олар таяуда ғана «Бірлескен іс-қимыл жоспарын» Руханидің ең үлкен қателігі деп есептейтінін мәлімдеген-ді.
Дәл қазір бәске түсіп тұрған мәселе өте үлкен. Біріншіден, осы келісім арқылы Иран ядролық бағдарламасының келешегі айқындалады. Алда-жалда тараптар Венада келісімге келіп жатса, Ирандағы президенттік сайлаудың нәтижесіне қарамастан аталған ел шартты орындайды. Оған дейін уағдаластыққа қол жетпесе, жаңадан сайланатын президент әкімшілігімен келісу қиынға соғатыны айтпаса да түсінікті.
«Келіссөздерден үлкен үміт күтемін. Бірнеше апта бойы жалғастыруға мүмкіндігіміз бар. Алайда әлі де атқаратын шаруа мол. Уақыт тығыз. Венадағы келіссөздер ақырғы фазасына шығады деп үміттенемін», деді Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель.
Қазіргі таңда екі жұмыс тобы құрылған. Біріншісі Иранға салынған экономикалық санкциялардың бәрін егжей-тегжей зерттеп, АҚШ олардың қайсысын алып тастауы қажетін анықтауға кірісті. Екінші топ Иранның мойнына артылған міндеттерді нақтылап, оның қаншалықты орындалып жатқанын бақылайды.
Естеріңізде болса, 2015 жылдың шілдесінде Венада Иран мен тағы алты мемлекет – АҚШ, Қытай, Ресей, Германия, Ұлыбритания және Франция «Бірлескен іс-қимыл жоспарына» қол қойған еді. Келісім бойынша Иран тарапы уранды байыту бағдарламасын төмендетуге, ал халықаралық қоғамдастық Тегеранға салынған санкцияларды жұмсартуға міндеттеме алған.
АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Ақ үй тізгінін ұстауға талас кезіндегі бір сөзінде Иранмен жасалған ядролық келісімді «апат» деп бағалап, келісім Иранға ядролық қаруларын сақтауға мүмкіндік береді деп мәлімдеген. Президенттік лауазымға кіріскен соң ол бұл сөзді бекерге айтпағанын іспен көрсетті.
Осылайша, 2018 жылы Дональд Трамп Иран ядролық келісімінен шығу туралы шешімге қол қойды. Сондай-ақ келісімнен шығып қана қоймай, Иранға қатысты ең қатаң санкциялар қабылдайтынын жеткізген. Кейіннен ресми Вашингтон аталған елдегі бірнеше компанияға, жеке тұлғаға қатысты экономикалық, кейбіріне тіпті саяси тыйымын үдетіп жіберді. Мәселен, Иранның аймақтағы ықпалының белгісі саналатын «Революция сақшыларын» террористік ұйым деп сипаттады.
Вашингтон билігі мұнымен тоқтамай, Парсы шығанағы төңірегінде өз әскерінің санын арттырды. Былтыр АҚШ әскерилері ирандық беделді генерал Кассем Сулейманиді дрон арқылы атып өлтірді. Мұның бәрі екі ел арасындағы жағдайды ушықтырып, ядролық келісім туралы ұмыттырып жіберуге шақ қалған-ды.
Иран да қарап жатпады. АҚШ-тың Ирактағы базасын атқылады. Былтыр ел парламенті уран өндірісіне қатысты заң қабылдап, оны байыту деңгейін 20 пайызға дейін жеткізуге кірісті. 2015 жылы қабылданған келісім бойынша байыту мөлшерін 3,67 пайыздан асырмауға тиіс. Бірақ Тегеран билігі АҚШ тарапы санкцияларын алмайынша бұл бағыттағы жұмысын жалғастыра беретінін жеткізді.
Бұдан бөлек Иран елдегі уран мөлшерін 300 килограмнан асырған. Бұл 2015 жылғы келісімге сай емес. Таяуда ғана билік үш айдың ішінде 55 килограмм уранды 20 пайызға байытқанын мәлімдеді. Яғни Парламент шығарған заңда көрсетілген мөлшерден асып түскен. Иранның МАГАТЭ-дегі өкілі өндіріс көлемі 40 пайызға артқанын хабарлаған.