Әйгілі Форбс журналы соңғы бір жыл ішінде ең көп табыс тапқан спортшылардың тізімін жариялады. Бұл көшті Конор МакГрегор бастап тұр, деп хабарлайды Egemen.kz.
32 жастағы Ирландияның атышулы аралас жекпе-жек өнерінің хас шебері соңғы бір жыл аралығында 180 миллион АҚШ доллары көлемінде табыс тапқан екен. Спорттық жарыстардан бөлек, ол өзі шығарған вискиін сатудан да мол олжаға кенелуде. Сонымен қатар, Конор МакГрегор алдағы уақытта Шотландияның «Селтик» немесе Англияның «Манчестер Юнайтед» футбол клубтарының бірін сатып аламын деп құлшынып отыр.
Екінші және үшінші орында жасыл алаңда жасындай жарқылдап жүрген қос жұлдыз – Лионель Месси мен Криштиану Роналду. Аргентинаның шоқ жұлдызы 130 миллион табыс тапса, Португалияның мақтанышы 120 миллионға байыған екен. Сондай-ақ, «ТОП-10» бай-қуаттылар тізіміне мына спортшылар еніп отыр: Дак Прескотт («Даллас Ковбойс», америкалық футбол) – 100 миллион, Леброн Джеймс («Лос-Анджелес Лейкерс», баскетбол) – 96,5 миллион, Неймар (ПСЖ, футбол) – 95 миллион, Роджер Федерер (теннис) – 90 миллион, Льюис Хэмилтон («Мерседес», «Формула-1») – 82 миллион, Том Брэди («Тампа-Бэй Бакканирс», америкалық футбол) – 76 миллион және Кевин Дюрант («Бруклин Нетс», баскетбол) – 75 миллион доллар.