• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Мамыр, 2021

Зайсанда мал қырылып жатыр

1139 рет
көрсетілді

«Малым жанымның садағасы...» деп отырған зайсандықтардың қой-қозысы қынадай қырылып жатыр. Шілікті, Жалши, Қарасай ауылдарында жүздеген бас мал өлген. Шығыс Қазақстан облыстық ветеринария басқармасының мамандары малдың күйі болмаған соң қырылды десе, ауылдықтар бұл пікірді жоққа шығарып отыр. Жұқпалы ауру ма деп қауіптенеді.

Сәуірдің соңына қарай Шілікті ауылдық округінде төрт түлік түсініксіз себептен өле бастаған. Малмен күн көріп отырған ауыл халқы мың жерден шыр-пыр болғанымен, аудан басшылығы назар аудармаған секілді. Мәселеге журналистер араласқан соң ғана әкімдіктің өкілдері ауылда төбе көрсеткен. Өлген малдан талдама алғанымен, нәтижесі әлі шыққан жоқ. Алайда аурудың бірден-бір себебі – малдың қыстан көтерем болып шығуы деседі облыстық ветеринария саласының өкілдері.

– Ешқандай жұқпалы ауру жоқ. Мал қыстай жайылымда жүрген. Қосымша азық болмағандықтан, иммунитеттері төмендеген. Оның үстіне 27-28 сәуірде жауы­н жауды. Жас мал күн райының күрт суығанын көтермей өле бас­­таған. Оны біз кеш естідік. Алдын ала диагноз бойынша, мал­­ды дұрыс күтпегендіктен осын­дай жағдай орын алып отыр. Бүгінде «Нұрдәулет» шаруа қожалығынан 1 бас қозы өлгені расталды. Алдындағы ондаған мал­дың өлгені туралы деректер біз­дің қолымызда жоқ. Сондай-ақ әр үйде 7 бұзау өлгені анықталды. Одан сынама алынды. Зертхана тексерген соң нақты диагнозды қоямыз, – деді Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ертай Батхолдин.

Көтеремдікті көтермей енелері өлсе өлген шығар, ал көктемгі төл неден қырылып жатыр? Тұяқтары сыпырылып түсіп жатқан қозы мен күні кеше ойнақтап жүрген бұзау неге аяқ асты серейіп қа­лады? Малдың аузы көкке тигені қашан?! Ірі қараның да ұрт терісі үгіліп түсіп жатыр. Ашыққан мал­да мұндай белгі бола ма? Ве­теринария басқармасы өз-өзде­рін ақтағанымен, бұл сұ­рақ­тарға толыққанды жауап бер­меді. Айтқандай, бір қозы емес, жүз­деген қозының өлексесін шұң­­қырға тастаған ел. Жағдай өр­шімеуі үшін ауылдықтар өз білген­дерімен ем жасап әлек.

– Екі рет сараптамаға деп талдама алып кеткен. Нәтижесі әлі шыққан жоқ. Қандай ауру екені белгісіз. Жоғарыдан келген басшылар мал арық деп әуелі өзімізге кінә тағып отыр. Ірі қараның ұрты, тілінің терісі сыпырылып жатыр. Ауылдың мал дәрігерлеріне де жағдай жасалмаған. Жаяу-жал­пы жүр. Қожалықтардың арасы кем дегенде қырық шақырым. Жұмыс істеулеріне еш мүмкіндік жоқ. Өйткені былтырғы төл әлі сырғаланбаған. Бұл өз алдына үлкен мәселе. Бізге мынау жұтты тоқтату керек. Өзімізше бірімізден-біріміз естіп, ем қолданып жатыр­мыз. Ветеринарлар тым бол­мағанда тәжірибе үшін төрт-бес малды бөліп алып емдеп көру керек еді. Алғашында анықтап, карантинге жапса, мұншама шығын болмас па деп ойлаймыз. Кім білсін?! Қазір өлексе жи­нап, шұңқырға тастаудың өзі жұ­мыс болды. Аурудың таралу аумағы үлкейіп барады, – дейді «Нұр­дәулет» шаруа қожалығының өкілі Айбол Лекеров.

Бүгінде Шілікті ауылдық окру­гінде нақты қанша мал өлгені белгісіз. Себебі акт жасалған жоқ. Ауыл тұрғындары айтқандай, мал дәрігерлерінің жұмыс істеулеріне кедергі жетіп артылады. Бұл мәселе жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетінде көтерілген. Айта кетсек, ауыл-ауылдың арасында жүрген мал дәрігерлерінде көлік жоқ. Бар көліктерінің жүруінен тұруы көп. Себебі қосалқы бөлшектерге ақша бөлінбейді. Екпе жұмыстары кезінде бір инені мойны үзілгенше пайдаланады. Алған қанды сақтау үшін арнайы термосөмке де жоқ­тың қасы. Тізе берсек мәселе жетер­лік. Оны облыстық ветерина­рия басқармасының басшысы Рамиль Сағындықов та жоққа шығармаған. Бұл мәселеден бөлек, айлықтары да мардымсыз. Шілікті ауылдық округінің бас мал дәрігері Асқар Түсіпбаев та жалақының аздығын алға тартады.

– Шілікті округіне бес ауыл қарайды. Қосымша қыстақтар бар. Ал ветеринарлардың ауылдарды аралап жұмыс істеуі қиын. Ең бас­тысы, айлығымыз мардымсыз. Қызметтік көлік ескі. Қосалқы бөлшектер жоқ. Керек-жарақтарын бергенімен сапасыз. Инені өзіміз сатып аламыз. Мал егуге ветеринарлар өз көліктерімен барады. Штат саны да жеткіліксіз. Мал басы өсіп барады. Үлгермейміз. Жағдай жасалмаса, бұдан да зорғысы болады, – дейді Шілікті ауылдық округінің бас мал дәрігері Асқар Түсіпбаев.

Иә, басшылардың шымбайы­на тисе де шындықты айтты. Шын­дықты айтқандардың соңына шам алып түспесе игі. Әйтпесе, сұ­рақ қойғандардың жұмысынан кінәрат іздеп, түртпектеу сынды қитұрқы әрекеттер Катонқарағай ауданында болғанын құлағымыз шалған. Одан да ветеринария саласына министрліктің шынайы көңіл бөлінуін тілейік. Бүйте берсе, Асқар Түсіпбаев айтқандай, бұдан зорғысы болады.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Зайсан ауданы