Жетісуда жеке кәсібін жолға қоюды мақсат етіп, ізденген жандарды мұратына жеткізетін мемлекеттік қолдау бағдарламалары жемісті жүзеге асып отыр. Соның нәтижесінде өзі де табыс тауып, өзгеге де жұмыс беріп отырған іскерлердің қатары тұрақты көбеюде. Дерек бойынша бүгінде аймақта қызмет көрсететін шағын және орта бизнес нысандарының саны 123 мың бірлікке жетіпті.
Есесіне, жеке кәсіп иелерінің қазынаға төлеген салығы да қомақты екен. Былтыр экономиканың осы бағыт бойынша бюджет түсімі 1,3 есеге өсіп, қаржылай көлемі 113 млрд теңгені құраған. Әрине, істің ілгерілеуі үшін бастапқы қаржы мен басқа да қолдау мен жеңілдіктер тұрақты жалғасып келеді. Әсіресе шағын және орта бизнесті қаржылай қолдауға арналған несие мен гранттар өз жемісін беріп отыр.Мысалы, 2020 жылы облыс кәсіпкерлері 11,8 млрд теңге сомасында мемлекеттік қолдау алса, биыл өңірде шағын және орта бизесті қолдауға 13 млрд теңге бағытталған. Ал облыстың ішкі жалпы өнімдегі жеке кәсіптің үлесі 34,3 пайызға дейін жетпекші.
Айтпақшы, аймақтағы шағын және орта бизнес өкілдерінің денін нәзік жанды арулар құрап отыр. Тәуекелшіл, істің көзін таба білетін қыз-келіншектер бизнестің қыр-сырын тез меңгеріп, өндірісті де ұршықша үйіріп әкетеді екен. Бұл бағытта көпбалалы аналар да өз үлесін қосып келеді. Мәселен, жақында Талдықорған қаласында көпбалалы және аз қамтылған аналарды жұмыспен қамту мақсатында тігін цехы ашылды. Бірінші кезеңде тұрақты жұмыспен жиырмадан астам әйел қамтылып, бұдан әрі жұмыс орындары отызға дейін жеткізілмек. Жаңа кәсіпорынды ашуға облыс әкімі Амандық Баталовтың өткен ақпан айында Asyl Analar қоғамдық қорының өкілдерімен кездесуінде айтылған ұсыныс түрткі болыпты. Сол кездесуде облыс әкімі көп балалы аналарға тігін цехын ашуға, оған керекті орын тауып беруге, тігін машиналарын және басқа да қажетті құрал-жабдықты сатып алуға көмектесетінін айтқан болатын. Әкімнің тапсырмасын орындау мақсатында «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан цех ашуға қолайлы орын таңдалып, ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілген. Сол сияқты Jack әлемдік брендінің заманауи 12 тігін машинасы сатып алынып, құрылғылар 0,01 пайызбен лизингіге беріліпті. Қазір тігін кәсіпорнының толыққанды жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Цех аталье түрінде жұмыс істейді, онда ерлер мен әйелдер киімдерін, арнайы киімдерді, қорғаныс бетперделері тігіледі, күрделі реставрациялар жасалады. Мамандарды оқыту мен олардың біліктілігін арттыру мәселесі де шешілген. Қазір цехтың болашақ 12 тігіншісі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тігін ісінің қысқа курсында оқып жатыр.
– Өзіміз сияқты аз қамтылған және көпбалалы аналарды жұмыспен қамту үшін тігін цехын ашу туралы ой келгенде, біз облыс әкімі Амандық Баталовқа жүгіндік. Кездесудің нәтижесінде бізге барлық тиісті көмек көрсетілді. Бүгін арманымыз ақиқатқа айналып, тігін цехы іске қосылды. Біз бірінші кезекте көпбалалы аналарды тұрақты жұмыс орындарымен қамтимыз, екіншіден, көмекке мұқтаж азаматтарға көмек көрсетеміз. Бізге қолдау көрсетіп, сенім артқандары үшін шын жүректен ризамыз. Ісімізді дөңгелентіп, өзгелерге үлгі боламыз деп ойлаймын, – деді Asyl Analar қоры құрылтайшыларының бірі Талшын Туктынова.
Сондай-ақ Қапшағай қаласында тұратын көп балалы ана Баян Ордабаева мемлекеттік бағдарлама арқылы кондитерлік кәсібін кеңейтіп отыр екен. Баян «Атамекен» палатасы арқылы «Бизнес Бастау» негіздерін оқып шыққан. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 2,5 млн теңге қайтарымсыз грант ұтып алып, бүгінде кондитерлік кәсіппен айналысуда. Жалпы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы облыста сәтті жүзеге асып жатыр. Қапшағайлық кәсіпкер ана соның бір дәлелі. Аталған бағдарламаға «жас кәсіпкер» және көпбалалы ана ретінде қатысқан Баян Ордабаева қолына бизнес негіздерін меңгергені туралы сертификат алған. Бұдан соң «Үйде пісірілген нан өнімдерін үйде жүзеге асыру» бизнес жобасын қорғап шыққан. Нәтижесінде, 2,5 млн теңге мемлекеттік грант иеленіп, жеке ісін қолға алған.
– Бизнесімді мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау арқылы бастадым. Енді оны одан әрі табысты жүргізуге талпыныс, еңбек, табандылықпен қатар, қазіргі интернет желісінің де мүмкіндіктерін мол пайдаланып отырмын. Инстаграм желісіндегі парақшамда 10 мыңға жуық оқырманым бар. Биылғы наурыз айында өзімнің кондитерлік бизнесімді одан әрі кеңейттім, оның барлық жаңалығымен және мүмкіндігімен Bayan_cakes парақшасында оқырмандарымен таныстырып отырамын. Алдағы уақытта жастарға, оның ішінде жұмыссыз азаматтарға өз білгенімді үйретіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отырмын, – дейді кәсіпкер келіншек.
Ал Іле ауданының тұрғыны Динар Дүйсенованың жеке кәсібін дөңгелетіп жүргеніне төрт жыл толыпты. Ол 2017 жылы «Еңбек» бағдарламасы аясында «Бастау» жобасы бойынша білім алып, оқыту жобасының алғашқы түлектерінің бірі болған екен. Сол кезде ол «Бастау» арқылы бұрыннан келе жатқан мақсатын жүзеге асыратынына сенбеген көрінеді. Өзі мамандығы бойынша тері жөніндегі инженер-технолог және агрохимик. Ұзақ уақыт бойы кәсіпорындар мен ветеринарлық зертханаларда жұмыс істеді. Ол кезде шағын шаруа қожалығы болғанымен, толыққанды кәсіпкерлік қызметті жүргізу үшін қаражаты жетпеген-ді. Ал өзі әрдайым өз ісін ашуды армандап келді. Сондықтан «Бастау» оқуына нақты жоспарымен келіпті. Өйткені Динар мал шаруашылығымен айналысып, сүт өнімдерін шығаруды алдына мақсат етіп қойған болатын.
Динар Дүйсенова әу баста «Игілік» бағдарламасы бойынша 6 млн теңге несие алып, ол қаражатқа сиыр, жылқы, ешкі және қой сатып алған. Шаруашылықтың жерін кеңейткен. Содан кейін сүт жинап, одан сулугуни, брынза, ал ешкі сүтінен құрт жасай бастады. Қазір Динардың шаруа қожалығы ай сайын 500 литр сүт шығарып, сүттен қаймақ, май, айран, брынза, чечел, ірімшік, құрт, йогурт, сүзбе, сулугуни сияқты 12 түрлі өнім дайындап, нарыққа жөнелтіп отыр.
– Қазір еліміздің ауыл шаруашылығы дамуға бағыт алды. Бұл өз идеяларымызды жүзеге асырудың, ата-бабаларымыздың ісін жалғастырудың тамаша мүмкіндігі. Мен өз ауылымның өркендеуіне үлес қосып, Қазақстанның үздік 30 шаруашылығының қатарына қосылғым келеді. Өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 50 млн теңге көлемінде несие алдық. Шаруашылықты кеңейтіп, мал басын арттырамын. «Бастау» жобасына, кәсіпкерлер палатасына ризамын. Себебі өмірім түбегейлі өзгерді. Қазір қай жерге барсам да адамдарға «Атамекенге» оқуға жазылып, жаңа дағдыларды үйренуге шақырамын, – дейді кәсіпкер ана.
Жалпы, бүгінде ел бойынша «Бизнестің жол картасы», «Еңбек» бағдарламалары арқылы көрсетілген қолдаулар өз тиімділігін көрсетіп отыр. Ал облыс бойынша «Даму» қоры тарапынан бөлінетін қолдау қаражатының жалпы қоры 15 млрд теңгеге дейін көтерілгені де шағын және орта бизнестің дамуына көмегін тигізіп отыр. Нәтижесінде, карантин кезеңінде несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, гранттар, микрокредиттер түріндегі көмектерді 4 мыңдай кәсіпкер алды. Сондай-ақ дағдарысқа қарсы жоспар шеңберінде бизнестің 119 мың нысаны салықтық ынталандыруға ие болса, 641 шағын кәсіпкерлік өкілі 24 млрд теңге шамасындағы кредит сомасы бойынша төлемді кейінге шегеру мүмкіндігін алған екен.
Алматы облысы