Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі «Мас күйінде көлік руліне отырған Петропавл тұрғыны үшінші рет ұсталды», деп мақтана хабарлады. Негізі, мақтанарлық жағдай емес-ау.
Егер қолданыстағы заңнама бұған мүмкіндік берсе, масаң күйде көлік айдаған кісі төртінші рет те, бесінші рет те ұсталатын шығар. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заң жобаларын әзірлегендер рульге масаң күйінде 2-ші рет отыратындардың көлік құралдары тәркіленеді деп жазбаған соң, кейбіреуге мұндай заң ойыншық сияқты көрінуі мүмкін. Өйткені жүргізушілік куәліктен қағылу «жұтуды» ұнататын кей жүргізушіге онша әсер етіп тұрған жоқ. Полицияның үшінші рет мас күйінде көлік жүргізген жүргізушіні ұстағаны – соның айғағы. 21 жастағы «BMW» көлігінің иесі алғашқы рет мас болып ұсталғанында 3 жылға, екінші рет ұсталғанда 6 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған. Бірақ ол сабаз көлік жүргізу құқынан айырылғанына пысқырып та қарамай, машинасын тағы да мас күйінде ұсталғанша жүргізе берген.
Полиция енді оны Қылмыстық кодекстің 346-бабы бойынша «алкогольдік масаң күйдегі көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған адамның көлік құралын басқаруы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартамыз» деп отыр. Бірақ бұл жолғы жаза да оның көлік жүргізу құқығын шектегенімен, не бас еркінен, не көлік құралынан айырмайды екен. Ендеше, заңның жұмсақ талабын алдағы уақытта да бұза беруі ықтимал. Солтүстік Қазақстан ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Айдын Байматов: «Бұл азамат енді ірі мөлшердегі айыппұл төлеуге немесе 5 жылға бас бостандығын шектеуге (айыруға емес – Ж.С.), сондай-ақ өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін», дейді.
Демек, бұл «батыр» айыппұлды төлеп тастап немесе 5 жылға бас бостандығы шектелсе де, тіпті өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айырылса да арындап тұрған автосын айдап жүре бермесіне еш кепілдік жоқ. Өйткені жүргізушілік куәліктің жоқтығы оған кедергі емес. Себебі, қазір полиция оның бар-жоғын тексермейтін де болды. Егер көлік жүргізу құқығынан белгілікті мерзімге айырылған азамат қатаң заң талабынан жасқанатын болса, үшінші рет рульге «жұтып алып» отырмас еді. Сөйтіп ол қашан ірі жол-көлік апатын жасап, түрмеге тоғытылғанша жүре бермек...
ПЕТРОПАВЛ