Қарағанды қаласында Qaz Carbon ЖШС жаңа көмір байыту фабрикасы іске қосылды. Кәсіпорынның ашылу рәсіміне Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр қатысты. Инновациялық кәсіпорын «Қазақстанның даму банкі» АҚ қаржылық қолдауымен салынды. Өндірісті толық автоматтандыру және жаңа әлемдік технологияларды қолдану арқылы жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізілді. Бүгінгі таңда фабриканың жылдық өндірістік қуаты 1 млн 800 мың тонна көмір концентратын құрайды.
Қарағанды көмір байыту фабрикасының құрылысы былтыр қыркүйек айында басталса да, бүгінде Qaz Carbon ЖШС сағатына 300 тоннаға дейін жоғары сыныпты көмір концентратын өндіреді. Кәсіпорын шикізаттың жалпы тау-кен массасынан пайдалы қазбаны барынша шығаруды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бірегей технологияның нәтижесінде кіріс күлі 15%-дан өзіндік күлі 2-3%-ға дейінгі көмірді байыта алады. Бүкіл процесс химиялық реагенттерді және суды тазарту бассейндері үшін үлкен алаңдарды қолданбастан жабық циклде жүреді. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаға кері әсерді төмендетіп, өндіріс уақыты мен шығындарын азайтады, нәтижесінде дайын өнімнің өзіндік құнына әсер етеді.
«Дайын өнімнің сапасы мен өндірістің технологиялылығын сақтауды бақылау толығымен автоматтандырылған және өндірісті басқару орталығының операторы арқылы жүзеге асырылады. Бұл бізге Қарағанды фабрикасы көмір концентратының барлық қолданыстағы халықаралық стандарттарға сәйкестігі туралы нық сеніммен айтуға мүмкіндік береді. Кәсіпорын нөлден бастап құрылды. Бұл жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін ең аз ньюансты ескеруге мүмкіндік берді. Біздің концентрат сапалы, өзіндік құнының төмендігі және жылдам жеткізу арқылы органикалық энергия тасымалдаушылардың халықаралық нарығында бәсекеге қабілетті», деді Qaz Carbon ЖШС акционері Ерлан Нығматулин.
Жобаның жалпы құны, соның ішінде байыту фабрикасын салуға және іске қосуға, сондай-ақ қолданыстағы құю өндірісін жаңғыртуға байланысты құны 12 млрд теңгені, Қазақстанның даму банкінің қатысуы 9 млрд теңгені, қалған қаражат Qaz Carbon ЖШС-ның меншікті қатысуын құрады.
Шикізаттың негізгі жеткізушілері – жергілікті көмір кәсіпорындары. Дайын өнімнің негізгі тұтынушысы – YDD Corporation ЖШС Қарағанды ферроқорытпа зауыты. Алайда байыту фабрикасы өңірдің экспорттық географиясын белсенді түрде кеңейтуді жоспарлап отыр, яғни Қарағанды көмір концентратының едәуір бөлігі экспортқа жіберіледі.
«ҚДБ қарыз қаражаты Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде берілді. Өйткені жоба экспорттық әлеуетті кеңейтуге, қазақстандық өңдеу секторын дамытуға және импорттың орнын басуға, сондай-ақ Қарағанды өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыруға бағытталған. Qaz Carbon ЖШС – әлемдегі тұрақсыз экономикалық және эпидемиялық жағдайға қарамастан, фабриканы қысқа мерзімде, яғни 7 ай ішінде іске қосып, өңірде 100-ден астам тұрақты жұмыс орнын құра алған маңызды серіктес. ҚДБ командасының атынан кәсіпорынды жұмыстың басталуымен құттықтаймын және табыс тілеймін», деді ҚДБ басқарма төрағасы Абай Сарқұлов.
Qaz Carbon ЖШС акционері Дэвид Кемертелидзенің айтуынша, көмір байыту зауытын салу жобасын жүзеге асыру кәсіпорын командасының үйлесімді жұмысының, сондай-ақ құрылтайшылардың Қазақстанда ірі инвестициялық жобаларды іске асырудағы мол тәжірибесінің нәтижесінде бір жылға жуық уақыт ішінде іске асырылды.
«Біз үшін бұл Қазақстандағы алғашқы жоба емес. Бұдан бұрын да осындай ауқымдағы өнеркәсіптік объектілерді іске қостық және елдің қосылған құны жоғары өнімді жасау үшін үлкен шикізат базасына, бірегей инвестициялық ахуалға, ұлттық даму институттары атынан мемлекет тарапынан қолдауға көз жеткіздік. Осының бәрі Қарағандыда өңірді өндірістік көшбасшыларға шығара алатын тағы бір жоғары деңгейдегі зауыттың пайда болуына ықпал етті», деді кәсіпорын акционері.
Айта кетелік, ел бюджетіне құйылатын салықтың болжамды түсімі 300 млн теңгені, еңбек өнімділігі бір адамға 8 млн теңгені құрайды.