Италияда өтіп жатқан велоспорттан «Джиро д’Италия» гранд-турының кезекті жарыс күні өз мәресіне жетті. 5-кезең бәсекесі аустралиялық велошабандоз Калеб Эванның жеңісімен аяқталды.
Lotto Soudal клубы сапында өнер көрсететін спортшы Модена мен Каттолика қалалары аралығын қамтыған 177 шақырымдық қашықтықты 4 сағат 7 минут 1 секундта жүріп өтті. Екінші және үшінші орындарды италиялық Джакомо Низцоло (Team Qhubeka – Assos) мен Элиа Вивиани (Cofidis) иеленді. Astana – Premier Tech велошабандоздары арасында ең тәуір көрсеткішке Александр Власов қол жеткізді. Ол 21-сатыға табан тіреді.
Бесінші кезең қорытындысы бойынша жалпы есепте Israel Start-Up Nation өкілі Алессандро Де Марчидің алдына түсетін ешкім болмай тұр. Италиялық велошабандоздың уақыт көрсеткіші – 17:57:45. Бельгиялық Луи Верваеке (Alpecin-Fenix) екінші және португалиялық Нелсон Оливейра (Movistar Team) үшінші сатыға жайғасты. Ал қазақстандық команданың мүшесі Александр Власов 7-сатыдан 6-орынға көтерілді.