Еліміздің Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзимова қайғылы жағдайда қызынан айырылған анаға заңдық тұрғыдан көмек беруге дайын екенін айтып, Грузияда қайтыс болған Әсел Айтпаеваға қатысты істі өз бақылауына алды, деп хабарлайды Egemen.kz
«Қазақстан адам құқықтары жөніндегі бірнеше халықаралық құжаттың қатысушысы. Оның үстіне Қазақстан мен Грузия арасында азаматтық және қылмыстық істер бойынша заңдық көмек көрсету туралы бөлек келісім бар. Осындай қылмыс жасалғанда бұл құжат қос елдің прокуратураларына тікелей байланыста жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Оның ішінде күдіктілерді қамау, жауап алу үшін бір мемлекеттің аумағынан екінші мемлекеттке тасымалдау сынды шаралар кіреді», деді Эльвира Әзімова.
Эльвира Әзімованың айтуынша, тағы төрт халықаралық конвенция бар. Бұл адам саудасына қарсы күреске қатысты жеке конвенциялар және оларға қорытынды хаттамалар. Грузия БҰҰ-ның осы төрт құжатының қатысушысы болса, онда халықаралық құжаттарды осы қылмысты тергеу жүргізу үшін пайдалануға болады.
Осы орайда Адам құқықтары жөніндегі уәкіл екі тараптың да құқық қорғау органдарының бірлесе жедел жұмыс істеуі өте маңызды екенін жеткізді.
«Өкінішке қарай, мендегі ақпарат бойынша Әсел Айтпаеваның анасы Қазақстанға келгеннен кейін 6 мамырда тұрғылықты жері бойынша полиция департаментіне осы жағдай бойынша қажетті шаралар қабылдау туралы өтініш жазды. Бірақ 6 мамырдан бері полиция департаменті тарапынан қандай шаралар қолданылғаны туралы ақпарат әлі жоқ. Сондықтан әрине, мен қыздың анасына көмектесемін», деді Эльвира Әзімова.
Еске сала кетейік, Грузияда 26 жастағы қазақстандық белгісіз жағдайда көз жұмды. Сондай-ақ кеше Грузияның ақпарат көздері отандасымыз Әсел Айтпаеваны зорлап, өз-өзіне қол жұмсауға итермелегені үшін күдікке ілінген қылмыскер Бесик Тордуаны тергеу құжатының көшірмесін жариялаған еді.