Бұл күндері каратэден Қазақстан ұлттық құрама командасы Алматының іргесіндегі «Ақ Бұлақ» олимпиадалық орталығында оқу-жаттығу жиындарын өткізуде.
Алатау бөктеріндегі жиын аяқталғаннан кейін біздің спортшылар 11-13 маусым аралығында Францияның астанасы – Парижде өтетін лицензиялық турнирге аттанады. Күні кеше ғана айтулы жарыста қыздарымыз қандай құрамда өнер көрсететіні белгілі болды.
50 кило салмақта Сыр бойының сұлуы, Азия чемпионы Мөлдір Жаңбырбай күш сынасады. 55 кило салмақ дәрежесінде маңғыстаулық Сабина Захароваға сенім артылып отыр. Ол құрлық біріншілігінің қола жүлдегері. Аса ауыр салмақта Софья Берульцева (+68 келі) айқас алаңына шығады. 21 жастағы Шымкент қаласының тумасы жастар арасында әлем және Азия чемпионы атанып, әйелдер сайысында да көптеген халықаралық жарыстарда топ жарды.
Ал ерлер арасында өтетін турнирде Қазақ елі намысын кімдердің қорғайтыны таяу күндері белгілі болады.
Естеріңізге сала кетейік, әзірге Қазақстан құрама командасының қоржынында бір ғана жолдама бар. Оның иегері – 67 кило салмақтағы Дархан Асаділов. Ал Париждегі жарыста алғашқы үштікке енген спортшылар ғана Токиода алауы тұтанатын Олимпия ойындарына қатысатындардың тізіміне қосылады.