• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Мамыр, 2021

Ауыл ажары басшысына байланысты

533 рет
көрсетілді

Ауыл әкімдерін халық сайлайды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп отыр. Демек бұл – қалайда жүзеге асырылатын іс. Олай болса, ауыл әкімдерінің бүгінгі жай-күйі қалай? «Әкім бол, халқыңа жақын бол!». Бұл ата-бабадан қалған сөз. Осы айтқандай, қазіргі әкімдердің қайсысы халыққа жақын, қайсысы халықтан алшақ?

Алмалы ауылдық әкімдігінде 14 қызметкер бар. Оның алтауы – мемлекеттік қызметші. Бас қосып, әңгімелескен кезде байқағанымыз, осы қызметкерлердің білім-біліктілік дәрежесі көңілге қонымды сезілді. Әсіресе жас маман Сабыржан Шымырбектің сөзі шымырлау естілді. Ал Ораз Сүлейменовтің жөні бөлек, деңгейінің биік екені де көрініп-ақ тұр. Оның сөз саптауына қарағанда, бұған дейін ауыл әкімі болып қызмет атқарғаны байқалады. Ал енді Алмалы ауылының әкімі Эльдар Тазабековтің бұл салада басшы болып істеп келе жатқанына небәрі үш-ақ жыл. Сондықтан да болар, оған қойған сауалдарымыздың көбісіне мамандар жауап беріп отырды. Демек Эльдарға бұл салада әлі де көп ізденіп, көп талпыныс таныту керек сияқты. Өйткені ол бұл қызметке ішкі істер органынан келген. Бірақ сонда да болса шындығын айтқан жөн, оның жұмыс ұйымдастыру қабілеті жергілікті халықтың көңілінен шығып отырған сыңайлы. Жетістікті, әрине, бір ғана адамның еншісіне ұйғара салуға бола қоймас, десе де сол ұжымның жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отыруында басшының да өзіндік орны, үлесі бар екені рас.

Сонда Алмалы ауылдық округіндегі жетістіктер деп біз қай нәрсені айта аламыз? Аз-кем тоқталсақ, біріншіден, бюджетке түсетін салық түсімдерінің алды, атап айтқанда, жеке тұлғалардың көлігіне салынатын салық өткен жылы 165 пайыз, жеке тұлғалардан алынатын жер салығы 105 пайызға асыра орындалған. Сол сияқты салықтың басқа түрлері де жүзден жоғары көрсеткішке ие.

Екіншіден, адам өмір сүруінің негізгі себепшісі болып саналатын мал өнімдері де жүз пайыздан аса орындалып отыр. Айта берсек тек көрсеткіш қана емес, сонымен бірге сол елдің иесі, жердің қожайыны болып саналатын ауыл әкімдігінің жергілікті қоғамдық ұйымдармен де байланысының көңілге қонымды тұстарын көріп, оның тікелей куәсі де болдық. Мысалы, ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы Темірхан Умышев өзі бас болып, кешегі ауыл өміріне үлкен ауыртпалық әкелген желдеткен ақ боран мен құрсауы берік мұздақтың әсерінен жалп-жалп құлап түскен электр бағаналарының көше бойындағы қалдықтарын трактормен сүйреп тазартуға белсене араласып, басы-қасында жүр. Ал ауыл биі Қуаныш Досбергенов болса ауыл әкімдігінің жас мамандарына жол көрсетіп, ақыл-кеңесін аямайды.

Қысқасы, бұл ауыл ардагерлері мен билер алқасының елдің қамы үшін жасалып жатқан игі істердің бел ортасынан табылуы – жақсылық, береке-бірлік пен ынтымақтың нышаны, әрине. Бұл іссапарымызда біз әлгі айтқан ауыл биі Қуаныш Досбергеновпен ауыл-елді бірге аралап, көптеген жұртшылықпен кездесіп, жүздестік. Әкім жұмысына байланысты аз да болса пікір бөлісіп, ой алмастық. Алуан-алуан пікірдің куәсі болдық. Мұнымен қоса кейбір ұсқынсыз көше көркін көріп, көңіліміз құлазып та қалды. Атап айтқанда, Жарықбас елді мекеніне тура кіреберістегі ескі жайдың сұрықсыз көрінісі көзге сондай бір түрпідей тиеді екен. Тіптен ұнжырғаңды түсіріп тастайды. Есік-терезесі алқам-салқам. Сылағы көшіп, өзі бірнеше жерден жарылып, құлап түсудің шақ қана алдында тұр.

Сосын тағы бір көзімізге оғаш көрінгені, ол – Бәйдібек ата ауылындағы су жаңа мектептің қапталында «мені көрдің бе, кеңес дәуірінің көзімін ғой!» деп тұрғандай ескі жай болды. «Бұл бұрын, біздің бала кезімізде клуб үйі болатын. Қазіргі тұрысы мынау енді, ауылдың көркін қашырып», деді қасымыздағы жол серігіміз Қуаныш Досбергенов ыңғайсызданғандай кейіп таныта сөйлеп.

Жарықбас пен Алмалы ауылдарын жалғастырып жатқан асфальт жолдың тозығы жеткен, шұрық-тесік. Әкімдікке қарасты елді мекендерде бұрын істеп тұрған көше бойындағы электр шамдары қазір жоқ. Күтім мен жауапкершілікті қажет етеді. Демек ауыл әкімі күнделікті жұмыс, іс-қағаздардан бөлек, көше тазалығы мен клуб, кітапхана сияқты көпшілік орындардың да жұмысына бірауық назар аударып отырғаны жөн сияқты. Сондай-ақ көріктендіруге де жете көңіл бөлу қажет. Ауылдағы таза ауыз су мәселесі де көптің көңілінен шығатындай дәрежеде емес. Елді мекендерде шағын спорт алаңдарын ұйымдастырып, ел игіліне жарататын уақыттың да жеткені қашан. Сондай-ақ азық-түліктің бағасы күнде жүз өзгеріп, мың құбылып тұрған мына заманда түрлі көкөніс өсіріп, халықты дер кезінде қамтамасыз етіп отыратын жылыжай мәселесі де Алмалы ауылында өз шешімін таппай отыр.

Ауыл тұрғындарының бір қатарымен сөйлесіп көргенімізде, тіптен солардың арасынан ауыл әкімінің аты-жөнінде білмейтін адамдар бар болып шықты. Бәйдібек ата ауылының тұрғыны, зейнеткер Т.Нұржанов әкім Э.Тазабековтің атқарып отырған жұмысына қанағаттанарлық пікірін білдерсе, ал Досбай Нұрсұлтан: «Жас бала, әлі де өз жұмыс бағытын бүгінгі күн талабына сай өзгертуі керек», деп айтты. Сондай-ақ Қ.Өтелбаев: «Келешегі бар азамат қой, жаман іс атқарып жатқан жоқ. Білмегені болса біздер үйретіп, айтып отыруымыз керек», деген ойын жеткізді.

Л.Өтешов атындағы орта мектептің педагог-ұйымдастырушысы Ж.Түзелбекова шындықтың бетін аша сөйлегендей болды. Педагогтың айтуынша, ауыл әкімі іскер, мәселені дер кезінде шеше білетін жігерлі азамат болуы тиіс. Әкім ауыл тұрғандарымен жиі-жиі кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдап отыруды үрдіске айналдыру керек. Міне, біз білген жағдай осы болды.

 

Серікбай ТҰРЖАН,

Қазақстанның құрметті журналисі 

Түркістан облысы,

Бәйдібек ауданы