Пандемияның салдарынан күшейтілген карантин жағдайында электронды сауда мен онлайн қызметтер ерекше қарқын алғаны белгілі. Алайда осы цифрлы трансформация кезеңінде тұтынушылардың құқықтары жиі бұзыла бастағаны да жасырын емес.
13 млн теңгеден аса қаражат қайтарылды
Сауда және интеграция министрлігі берген мәліметке жүгінсек, тек былтырдың өзінде Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетіне интернет-дүкендердің іс-әрекеттері мен сапасыз онлайн қызметке байланысты 689 адамнан шағым түсті. Тиісті жұмыстардың нәтижесінде тұтынушыларға 13 млн теңгеден аса қаражат қайтарылды. Осы жылдың бірінші тоқсанында комитеттің көмегіне 265 азамат жүгініп, оларға шамамен 800 мың теңге қайтарылды.
«Мысалы, Шымкент қаласының тұрғыны банк қосымшасы арқылы несиеге алған тауардың сапасына шағымданып, соның негізінде ақшалай қаражат иесіне қайтарылды», деді Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің талдау және мониторинг басқармасының басшысы Әлихан Шәкенов.
Ведомство басшысының айтуынша, мұндай мысалдар жетерлік және көп жағдайда келеңсіз фактілердің орын алуына азаматтар өздері жол береді. Өйткені көбінің құқықтық сауаты төмен болған соң, даулы жағдайларда мұны қызмет ұсынушылар ұтымды пайдаланатын көрінеді. Айталық, әдетте тұтынушылар тауарларды айырбастау немесе қайтару мүмкіндігінің жоқтығына шағымданады. Себебі тапсырыстың дені әлеуметтік желілер арқылы беріледі.
Құқықтық сауат төмен
Сол секілді қазақстандықтардың тарапынан тауар сапасының төмендігі мен өнімді толық төлемге дейін тексеру мүмкіндігінің жоқтығына қатысты шағымдары аз емес.
«Өкінішке қарай сатушылардың мемлекеттік кірістер органдарында тіркеуден қасақана жалтару фактілері бар. Мұндай кәсіпкерлерден тауарды сатып алу кезінде ақшаны жоғалту тәуекелі жоғары. Көбінесе дәл осындай сатушылар сәйкестік сертификаты және өндіруші туралы ақпаратсыз, сондай-ақ басқа да маңызды құжатты ескермей талапқа сәйкес келмейтін тауарды сатады», деді Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілі.
Бұған қоса тұтынушылар алаяқтардың қақпанына жиі түседі. Заң бұзушылар көлеңкелі кәсібін әлеуметтік желілер арқылы жүргізуді жетік меңгерсе керек. Неге десеңіз, онлайн мессенджерлер контрабандалық тауарлар мен қызметтерді ұсынуда таптырмас құрал. Өкініштісі сол, ғаламтор парақшаларында менмұндалаған жарнама арқылы адамдарды алдау күнделікті көрініске айналып барады.
Интернет алаяқтарына тұсау болмай тұр
Іс жүзіне келгенде алаяқтардың алдау жүйесі қарапайым. Мәселен, олар азаматтардан алдын ала төлем жасауды сұрап, ақша қолдарына тиген бойда телефон нөмірлерін сөндіреді. Салдарынан азаматтар өздеріне тиесілі тауардан немесе қызметтен қағылып жатады.
«Косметология қызметіне байланысты алдау фактілері аз емес. Ірі сомаға қарамастан (200 мың теңгеден бастап) отандастарымыз несие рәсімдеуден қорықпай шартқа қол қойып жатады. Оның нәтижесінде қызметтер бір-екі мәрте көрсетіліп, артынан мүлдем ұсынылмайды. Осыған ұқсас жүйемен жиһаз жасау саласында да жосықсыз кәсіпкерлер жұмыс істейді», деді Ә.Шәкенов.
Осы ретте жауапты ведомство интернетте тауарды сатып алу және қызметтерге тапсырыс беру кезінде келесі ұсыныстарды ескеруді сұрайды. Атап айтқанда, егер де нарықтық бағадан едәуір арзан тауар ұсынса, онда өнім (сәйкестік сертификаты, куәліктер) және сатушы (кәсіпкерлік субъектісі ретінде мемлекеттік тіркеу және т.б.) туралы ақпарат берілуі тиіс. Тауарды тек ресми дүкендердің сайттарынан сатып алған абзал. Сонымен қоса көрсетілмеген қызметтерге немесе алынбаған тауарларға алдын ала төлем жасаудан сақ болған жөн. Тұтынушылар сатушыдан тауарлық және фискалды чекті талап етуге құқылы.
Мамандар интернеттен сатушы туралы қосымша ақпаратты, сондай-ақ клиенттердің пікірлерін іздеп, сараптауға кеңес береді. Егер де тек жағымды пікірлерге ғана жазылса, бұған күмәнмен қараған дұрыс. Бұған бірден иланудан сақ болған жөн деді сарапшылар. Өйткені оның дені тапсырыспен жазылуы немесе жалған болуы да мүмкін.
«Бұл орайда азаматтарға сақтық шараларын мейлінше ұстануға кеңес береміз. Күмәнді сайттардан тауар алудан сақ болып, алдын ала қаражат аудармаған жөн. Құқықтық сауаттылықты арттыруға ден қойған абзал», деді комитет мамандары.
Қазір аталған комитет тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытындағы заң жобасының тұжырымдамасы әзірленіп, онда нақты электронды сауда платформаларындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғауды көздейтін тетіктер қарастырылады. Осы орайда ведомство тиісті заң жобасын талқылауға азаматтарды шақырып отыр. Аталған тұжырымдаманың жобасымен Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің сайтында танысуға болады. Тәртіп сақшыларының дерегіне сәйкес бір жылдың ішінде интернет алаяқтықпен байланысты қылмыстардың саны 139%-ға өскен.
«Алаяқтыққа байланысты қылмыс саны азаяр емес. Оның үлесі 27%-ды құрайды. Елімізде қылмыстық құқық бұзушылықтың тіркелуі 20%-ға төмендегеніне қарамастан, алаяқтықтың, әсіресе интернет алаяқтықтың саны азаймай тұр. Оның көрсеткіші – 139%», деген еді наурыз айында өткен брифингте Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов.
Тергеу департаментінің басшысы алаяқтар жиі қолданатын әдістердің қатарында жалған интернет-хабарландырулар арқылы жоқ тауарларды немесе қызметтерді сатып алу жүйесі кеңінен тарағанын жеткізді. Бұған дейін Қаржы министрлігі онлайн аударымдар арқылы жосықсыз кәсіпкерлер кассалық чекті бермей, тиісінше салық есептілік айналымдары көрсетілмейтінін алға тартқан еді. Салдарынан аударымдар тауарларды өткізу немесе қызметтерді көрсетуге қатысы жоқ үшінші тұлғалардың атына түсетін көрінеді. Осыны реттеу үшін жоғарыдағы министрлік мобильді аударымдарды жеке және кәсіпкерлік аударымдарға бөліп, кәсіпкерлік үшін жеке шотты пайдалануды ұсынды.