Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында «Жаңарған Жаңақорған жастары» атты қоғамдық қор бар. Осы ұйым жастары жыл сайын бірлесіп баспана салып, оның кілтін мұқтаждарға табыстауды дәстүрге айналдырған.
Биыл қасиетті Рамазан айында белсенді жастар асар әдісімен алтыншы баспана құрылысына кірісіп, оны бір ай ішінде толық аяқтады. Жастар ұйғарымымен бұл үй мүмкіндігі шектеулі ұлы мен қызын жалғыз тәрбиелеп отырған Әсел Бұқарбаеваға бұйырды. Оның кілтін табыстауға аудан әкімі Руслан Рүстемов қатысып, ізгілікті іс жасаған еріктілерге ел алғысын жеткізді.
– Жастардың қоғамға деген қамқорлығы әркімді де қуантады. Елдің әлеуметтік жағдайына жанашырлық танытып, қиналғанға қамқор болған кейінгі буынның бұл ісі көпке үлгі болары анық. Рақымы мол Рамазан айында жасаған қайырымды істеріңізге бүкіл аудан халқының атынан алғыс білдіремін, – деді аудан басшысы.
Халықаралық отбасы күнінде ұйымдастырылған іс-шарада жастар жақсы іске аудан кәсіпкерлері, ел азаматтары да көп үлес қосып келе жатқанын айтып өтті.
–Баспана салынып болғаннан кейін қор комиссиясы 4-5 шаңырақтың жағдайымен мұқият танысып шықты. Жан-жақты саралай келе осы отбасына тоқтадық, – дейді қор мүшесі Әбдісамат Әбіш. – Он жылдан бері пәтер жалдап келе жатқан Әсел Бұқарбаеваны, оның мүмкіндігі шектеулі екі баласын осылайша қуантқымыз келді. Бұл кісінің көмек бере қоятын ағайындары да жоқ екендігін ескердік.
«Жаңарған жастары» қоғамдық қоры әрі қарай да қайырымдылық істерді жалғастыруды көздеп отыр.
Қызылорда облысы