Жуырда Елбасы кітапханасында дарынды суретші Анар Әбжанованың «Алатау жауһарлары» атты жеке көрмесі ашылды. Бұл мазмұнды іс-шара Елбасы кітапханасының жинағындағы танымал авторлардың шығармашылығын насихаттауға бағытталған «Тәуелсіздіктің мәдени коды» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Тақырыптық көрмеге қылқалам шеберінің отыздан аса жұмысы қойылды. Суретші туындыларынан автордың кәсіби шеберлігін ғана емес, оның туған өлкесіне сүйіспеншілігі мен табиғатқа ынтызар шынайы сезімін де байқауға болады. Ол өз шығармашылығы арқылы адамдарды табиғатты бағалау мен қорғауға үндейді.
Көрменің ашылуында Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат суретшінің еңбектерінде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының мазмұны шығармашылық негізде көрініс тауып, өнер тілінде бейнелі суреттелгендігін атап өтіп, көрме иесіне «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабын сыйлады.
Сондай-ақ елордадағы Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы Анар Әбжанованың шығармашылығын жоғары бағалап, оның студент кезінде халықаралық деңгейдегі түрлі байқауларда топ жарғандығын сөз етті.
Ал қылқалам шеберінің ұстазы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, кескіндемеші Арыстан Смағұлов шәкіртінің өнеріне дән риза екендігін айта келіп:
– Анар Әбжанова сияқты суретшінің қалыптасуына өз үлесімді қосқанымды мақтан тұтамын. Жас кезінен ол өз шеберлігін шыңдап, көп жұмыс істеді. Тынымсыз еңбегінің арқасында елімізден тыс жерде көрмесі өтіп жүр. Анар – өте еңбекқор, талантты жан. Оған тек табыс тілеймін, − деді ол.
Жалпы суретшінің шығармашылығында гүлдер бейнесі – қысқы және қалалық пейзаждармен ерекше орын алады. Оның айтуынша, елімізде өсетін қызғалдақтар тақырыбына арналған сурет топтамасын жасау идеясына Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы шабыт берген. Аталған мақалада Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан алма мен қызғалдақтың тарихи Отаны екенін атап өткен. Ел тәуелсіздігінің отыз жылдығы аясында Елбасының бағдарламалық мақаласының мазмұны «бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор» қызғалдақтарға арналған жұмыстардың жарық көруіне мұрындық болды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті «өсімдіктер әлемінің жауһары» атаған Грейг қызғалдақтарының әсемдігі Анар Әбжанованы Іле Алатауына шыққан кезде таңғалдырған. Грейг қызғалдақтары бейнеленген жұмыс топтамасы Регель, Колпаковский қызғалдақтарының суреттерімен толықтырылған.
Биыл суретшінің шығармашылығына 20 жыл толып отыр.
– Тауларда өсетін қызғалдақтардың гүлдеген сәтін екінің бірі көре алмайды. Бұл сирек кездесетін құбылыс. Сұлулығына тіл жетпейді. Мен осы кереметті көріп, қағазға түсіре алдым. Табиғаттың өзі маған сенім артқандай. Өз суреттерім арқылы табиғатқа, оның бірегей сұлулығына ұқыпты қарауды насихаттағым келеді. Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді жоймай, керісінше сақтап қалуды сұраймын, – дейді Анар Әбжанова.
Сонымен қатар көрме аясында суретшінің шеберлік-сыныбы мен автограф-сессиясы ұйымдастырылды.