Үкімет басшысы Асқар Мамин Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, көмір бағасын ерекше бақылауға алуды тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Үкімет отырысын қорытындылаған Премьер-Министр әуелі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, қарапайым халық пен жылыту нысандары үшін отынның қажетті көлемін алдын ала қамтамасыз ету жұмысын ұйымдастыруды тапсырды.
«Өңірлерде халыққа көмірді сату мәселесі бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Бәсекелестікті қорғау агенттігі әкімдіктермен бірлесіп, көмірдің бағасын ерекше бақылауға алсын және халық үшін көмір бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін шаралар қабылдасын», деді Асқар Мамин.
Сондай-ақ ол Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымыдық даму министрліктеріне жылыту нысандарының алдағы маусымға дайындығын ұдайы бақылауды тапсырды.