ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков Алматы қаласындағы «Шұқырбұлақ» сел ұстау бөгетінің құрылысымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл жоба Алматы қаласы мен Алматы облысының бірнеше әлеуметтік нысанын тасқыннан қорғауға арналған.
Трансшекаралық су көзі саналатын Қорғас өзенінің Қазақстан аумағындағы бөлігінде 116 мұздық пен 36 мұзды көл бар. Осы көлдердің гидрологиялық жағдайын тасқын кезінде реттеу үшін Қорғас өзені бассейніндегі «Шұқырбұлақ» сел ұстау бөгеті, «Қорғас-1» және «Қорғас-2» гидротехникалық нысандары салынып жатыр.
Құрылыс жобасын әзірлеушілердің айтуынша, инженерлік-қорғау кешені Басқыншы ауылын, Қорғас ауылының оңтүстік бөлігін, «Достық» гидроторабы мен оның суару арналарын тасқыннан қорғауы тиіс.
«Құрылыс «Қорғас» шекарамаңы ынтымақтастығының халықаралық орталығын, теміржол және автомобиль көпірлерін, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолдарын, сондай-ақ Қазақстан – Қытай газ құбыры учаскесін қираудан, су басудан қорғайды», деді министрліктің баспасөз қызметінен.