Шымкентте «Алтын белгіге» үміткерлер саны биыл рекордық көрсеткішке жетіп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сәйкесінше, алтынды қорғау талаптары да күшейген. Енді үміткерлердің емтихан жұмысы екі кезеңді тексеруден өтпек.
Биыл Шымкентте «Алтын белгіге» 513 үміткер ұсынылып, рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. Алайда үздік түлектерді енді білімін дәлелдеу үшін екі сынақ күтіп тұр. Алтын белгі үміткері алдымен өз оқу орнында жазбаша емтихан тапсырады. Екінші кезеңде білім басқармасы жанынан құрылған комиссия тексерілген емтихан жұмыстарын қайта қарайды. Егер үміткер мектеп емтиханынан бес алып, комиссия ол жұмысты төртке бағаласа, оқушы «Алтын белгіні» иелене алмайды.
Мұндай талап ата-аналарды да бей жай қалдырған жоқ. Олардың ойынша, бұл өзгерістер балаға артық күйзеліс пен салмақ салуы мүмкін. Ал комиссия әділ шешімін шығарады деп сенім білдіріп отыр.
Ал сала мамандары бұл мектеп мұғалімдеріне сенімсіздік емес, керісінше, басты мақсат пандемия кезіндегі білім деңгейіне сараптама жүргізу деп сендірді. Білім басқармасындағылардың мәліметінше, биыл үміткерлердің басым бөлігі медицина саласы бойынша химия-биология, ІТ саласы бойынша физика-математика пәндерін таңдап отыр екен.
Педагогтардың айтуынша, онлайн оқу форматы оқушылардың білім деңгейіне айтарлықтай кері әсерін тигізбеген. Оған «Алтын белгіден» үміткерлер саны дәлел бола алады дейді саладағылар.
Мәселен, былтыр Шымкентте 401 оқушы үмітті ақтаса, биыл «Алтын белгіге» үміткерлер саны 112 шәкіртке артық. Оның 321-і – қыз бала, 192-сі – ұл.