Шығыс Қазақстанда өршіген індет сәл бәсеңдеген көрінеді. Алдыңғы тәулікте облыста короновирус инфекциясы 74 адамнан ғана анықталды. Әрине, оның өзі аз көрсеткіш емес. Бірақ мамандар «жасыл аймаққа» өтуге негіз бар деген шешімге келді.
Өңір «жасыл аймаққа» өткенімен, бас санитарлық дәрігердің қаулысы әлі шыға қойған жоқ. Себебі облыстағы эпидемиялық ахуал бір апта мамандардың бақылауында болады. Егер індеттің өршуі азайып, көрсеткіш төмендесе, бірқатар шектеу шарасы жеңілдетілуі ықтимал. Сондықтан арқаны кеңге сала қоюға ерте. Талап пен ереже бұрынғыдай.
– Бәрі бір күнде өзгере қоймайды. Эпидемиолог мамандар аурудың таралу көрсеткіштерін күн сайын есептеп, талдап, жағдайды бақылайды. Егер жеті күн ішінде індеттің күнделікті көрсеткіші төмендесе, «жасыл аймаққа» толығымен өтеміз. Сонда ғана шектеу шараларында өзгеріс болуы мүмкін, – дейді Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Бағылан Тауанова.
Әйтсе де шектеу шаралары толығымен алынбайды. Індет түбегейлі жойылмайынша, арақашықтықты сақтау, маска тағу сынды ережелер өзгермейді. Айта кетерлігі, жағажай маусымының ашылуына да аз уақыт қалды. Жағдай оңала қоймаса, жағажайларда да медициналық бетперде киюге тура келеді. Естеріңізге қайта бір сала кетсек, облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 15 сәуірдегі қаулысына сәйкес, халық қоғамдық орындарда, оның ішінде аялдамаларда маскаларын міндетті түрде тағуы керек. Жағажай қоғамдық орын болғандықтан, ол жерде де медициналық бетперде кию міндетті. Шығыс Қазақстан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының хабарлауынша, әлеуметтік қашықтықты сақтаған жағдайда медициналық маскасыз шомылуға рұқсат етіледі. Аталған шектеу шараларын бұзу фактілері анықталса, әкімшілік шара қолданылады. Ережеде анық айтылғандай, жағажайда қаз-қатар тізіліп, күнге қыздырынуға рұқсат бола қоймас.
Ал демалыс, туристік-рекреациялық аймақтарға кіру кезінде екпе алғандығыңды дәлелдейтіндей «ашық» жүйесі пайдаланыла ма? Демалушылардың ПТР-тестінің нәтижесі ескеріле ме? Осы сияқты бірқатар сұрақ әлі мамандардың қарауында. Алайда өңірде вакцина алып жатқандардың қатары күннен күнге көбейіп келеді. Қазіргі уақытта Өскемендегі екпе алу пунктері сенбі, жексенбі күндері де жұмыс істейді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Эльмира Рахимбаеваның айтуынша, коронавирусқа қарсы егуді барлық ниет білдірушілер ала алады. Бүгінгі таңда аймақ тұрғындары үшін ресейлік Спутник-V және Араб өндірісіндегі қытайлық Hayat-Vax екпесі пайдаланылып жатыр. Оны әркім өз таңдауына қарай алады.
Шығыс Қазақстан облысы