Қала құрылысын бақылау басқармасы «Есік Жолдары» ЖШС мен «АлматыДорСтрой» ЖШС-ін Наурызбай ауданындағы күре жолдарды сапасыз салғаны үшін лицензиясынан айырылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Тексеру нәтижелері жұмыстардың жобалық шешімге сай болмағанын және құрылыс нормалары мен ережелерінің жиі бұзылғанын көрсетті. Біздің тараптан мердігер ұйымдарға қатысты әкімшілік шаралар қолданылды және материалдар сотқа жіберілді. ААӘС біздің талабымызды қанағаттандырып, мердігерлерді құрылыс жүргізу жөніндегі лицензияcынан айырды», делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, екі компания да құрылыс нарығындағы ірі жол салушылар және Алматыда бірнеше жылдан бері жол салып келеді.
Бұдан өзге, ведомство Алматы көшесінің бойында жол құрылысын жүргізген тағы бір мердігер ұйым ДСУ-13 материалдарының сотқа берілгенін ескертті.