Футболдан Қазақстан чемпионатының 12 тур ойындары өз мәресіне жетті. Соңғы кездесулер Тараз, Атырау, Қостанай және Атырау қалаларында өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Тараз» көш соңындағы «Жетісудан» ойда-жоқта жеңіліп қалды. 2-минутта Педро Эуженио гол соққанымен, арада тура жарты сағат өткеннен соң Артем Дмитриев таразы басын теңселтті. Командалар үзілістен шыққан бетте Берік Шаихов допты өз қақпасына енгізді. 70-минутта Бауыржан Байтана есепті теңестірді. Бірақ жергілікті жанкүйерлердің қуанышы ұзаққа созылмады. 72-минутта Айбар Жасылықов соққан гол «Жетісуға» жеңіс сыйлады – 2:3.
«Каспий» мен «Шахтер» арасындағы бәсекенің тағдыры алғашқы таймда шешілді. Алаң иелері сапындағы Давид Караев екі мәрте (2 және 31-минуттар) және Сали бір рет (9-минут) допты торда тулатты. Қонақтар бірде-бір нәтижелі шабуыл ұйымдастыра алмады – 3:0.
Қостанайда «Тобыл» «Қызылжарды» 2:0 есебімен ұтты. Бұл голдардың авторлары – Неманья Николич (64 минут) пен Серікжан Мұжықов (77 минут). Ал «Атырау» мен «Ордабасы» арасындағы матчта есеп ашылған жоқ – 0:0.
Жарыс кестесінде «Астана» әлі де ешкімді жеткізбей келеді. Елордалық клубтың еншісінде 32 ұпай бар. Екінші орында – «Тобыл». Қостанайлықтар 25 ұпайды олжалауда. «Ақжайық» үшінші сатыға жайғасты. Оралдықтардың 21 ұпайы бар.