Апеннин түбегінде өтіп жатқан велошабандоздар арасындағы «Джиро д’Италия» көпкүндігі бір күнге созылған демалыстан кейін қайта жалғасты, деп хабарлайды Egemen.kz.
11 тур Тразимен көлінің жағалауында орналасқан Перуджа қаласынан бастау алып, керемет шараптар шығаруымен даңқы шыққан Монтальчино шаһарында өз мәресіне жетті. Ара қашықтығы 162 шақырымды құраған сайыста швейцариялық Мауро Шмидт («Qhubeka ASSOS») шашасына шаң жұқтырмады. Ол мәре сызығын 1 сағат 4 минут 32 секундта қиып өтті. Италиялық Алессандро Кови («UAE-Team Emirates») екінші орын алса, бельгиялық Харм Ванхауке («Lotto-Soudal») үшінші сатыға жайғасты.
«Астананың» сапында өнер көрсететін ресейлік легионер Александр Власов бұл жолы да жақсы нәтиже көрсетті. Кезең жеңімпазынан 3 минут 32 секунд қана қалып қойған ол 13 орынға табан тіреді.
Жалпы есепте Эган Берналь («INEOS Grenadiers») алдына жан салар емес. Колумбиялық велошабандоздың уақыты – 42 сағат 35 минут 21 секунд. Ал «Астананың» серкесі екінші орынды иеленуде. Александр Власов көшбасындағы спортшыдан 45 секунд қалып келеді.