Төкен Танаұлы Жұмағұловпен жарты ғасырдан астам уақыт бұрын Гурьев (Атырау) қаласында танысып, бір қоғамда өмір сүріп келеміз. «Бара жатқан зымырап байқалмайды уақыт» дегендей, біз де міне 80 жасқа шығып қалыппыз. Бұл жаста адам өткен өмірін ой елегінен өткізгенде, қандай деңгейге жеткенін, қоғамда алған орнын, істеген ісін, қалдырған ізін, кездескен қиындығын және кімдермен жұмыстас, сырлас, дос болғаны – бәрі көз алдында, күні кешегідей болып көрінеді.
Адам өміріндегі ең маңызды кезең – жастық шақ. Әр адамның жаратылысы да, өмірі де әке қаны мен ананың ақ сүтімен басталып, бойына біткен мінезімен, алған тәрбиесімен қалыптасады. Ұлы Абай айтқандай, Төкен мінезі жан құмарына тән сәби болып өмірге келді. Арда азамат болып жетілді.
Көне заманнан халқымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейтін керемет нақыл бар. Себебі әр адам өмірге келген соң өз ұясынан қанаттанып, сосын өмір жолына самғайды. Төкеннің бір жасында әкесі қайтыс болып, жастық шағы Екінші дүниежүзілік соғыспен, одан кейінгі қиын кезеңмен тұспа-тұс келді. Анасының, аға-апаларының қамқорлығымен өзінің даңғыл жолын тапты. Он бес жасқа жеткен соң кешкі мектепте оқып, күндіз жүктеуші, кино көрсетуші, такси жүргізушісі, автокөлік жөндеуші-слесарь болып, он жылдай уақыт әртүрлі жұмыс атқарды.
Жастайынан үлкеннің тәлімді тәрбиесін санасына түйді. Өмір атты үлкен жол үстінде қиындыққа мойымаудың қыр-сырын жете түсінді. Оны өмір ерте есейтті. 1965 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық политехникалық институтты бітіріп, инженер-механик мамандығына ие болды. Сөйтіп 1966 жылы Төкен Танаұлы «Гурьевводстрой» тресіне қарасты автобазаның директоры болып тағайындалды. Сол кезден бастап, 10 жыл бойы атқарған әртүрлі қарапайым жұмыстан алған әсері, жинақтаған тәжірибесі басшылық лауазымында кәдесіне жарағаны сөзсіз.
Бес жылдан кейін, 1971-1975 жылдары Ералыдағы автобазаның директоры болып бекітілді. Сол кезде, 1973 жылы Маңғыстау түбегі Гурьев облысының құрамынан бөлініп, дербес облыс ретінде құрылған еді. Төкен Танаұлы 17 жыл, соның ішінде 13 жыл бойы облыстық автокөлік бірлестігінің бірінші басшысы ретінде Маңғыстаудың ірі өндірісін, ауыл шаруашылығы мен өзге де саласы өркендеп, әлеуметтік жағдайы дамыған аймақ болып қалыптасуына мол үлес қосты. Ол басқарған мекемелер үнемі республикамызда алдыңғы қатардан көрінді. Маңғыстау өңірінде іскерлігімен, ұйымдастырушылығымен азаматтық тұғырға көтеріліп, Ералиев, Жаңаөзен аудандарының, Маңғыстау облыстық кеңестерінің халық депутаттығына сайланды. Облыс орталығы – Ақтау қаласының өсіп-өркендеуіне де зор үлесін қоса білді.
1988-1994 жылдары Төкен Танаұлы Атырау облысының Жылыой ауданындағы «Көлік механикаландыру» мекемесінің және «Теңізмұнайқұрылыс» тресінің бастығы болып істеді. «Теңіз» мұнай кен орнын игеруде лайықты үлесі бар.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жылғы қазан айындағы Жарлығымен Атырау облысының әкімі болып тағайындалдым. Сол кезде Жылыой ауданының әкімі басқа жұмысқа ауысатын болды. Соған байланысты Төкен Танаұлын ауданға әкім етіп тағайындадым.
Төрт жылдан астам ауданның әкімі болып, Төкен қыруар жұмыс атқарды. Экономика, әлеуметтік, мәдени және жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу жұмысын жолға қойып, жақсы жетістіктерге қол жеткізді. Ауданда жаңа тұрғын үйлер, мектеп, балабақшалар, мешіт, емхана, көшелер жөнделіп, тұрғындар сұранысына ие болған Ақмешіт кесенесі тұрғызылды. Бұдан өзге шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда да қыруар жұмысты атқарды.
Жылыой ауданының экономикасы дамып, өңірден бюджетке қомақты қаржы түсіретін «Теңізшевройл», өзге де өндірістік мекемелердің жұмыс қарқыны өсті. Ол аудан тұрғындарының әлеуметтік ахуалын жақсарту үшін мекемелердің басшыларымен қоян-қолтық еңбек етіп, талай күрделі мәселенің оң шешімін тапқан еді. Ал 1998 жылы Төкен Танаұлы әкім жұмысынан сұранып, бизнеске бет бұрғысы келетінін білдірді. Сөйтіп «Теңізмұнайқұрылыс» акционерлік қоғамының президенті лауазымына тағайындалды. 2007 жылы жаңадан ұйымдастырылғаннан TNS-group концерні директорлар кеңесінің төрағасы болды. Қазір TNS-group концерні Заңды тұлғалар бірлестігінің президенті.
Ол жетекшілік ететін TNS-grou концернінің қазақстандық кәсіпорындар арасындағы шоқтығы биіктеді. Қазір концерн құрамына бизнестің түрлі саласымен айналысатын 11 фирма кіреді. Жұмысшылардың жалпы саны 1,5 мың адамнан асады. Концерннің бөлімшелері құрылыс-монтаж, жобалау-зерттеу, жол-құрылыс жұмыстары, автокөліктерді арнайы сату және сервистік қызмет көрсету, мұнай кен орындарын жайғастыру және іске қосу, тұрмыстық құрылымдарды әзірлеу, ұста бұйымдарын жасауға, өзге де қызмет түрлеріне маманданған. Соның қатарында «Дина» сауда орталығы да бар. Бұл сауда орталығы Атырау қаласындағы сауда орындарын азық-түлікпен қамтамасыз ететін жетекші орталыққа айналып отыр. Түрлі жобаларға тартылған инвестиция, жұмыс орындарының ашылуы, жұмысшыларының әлеуметтік қорғалуы – маңдай тердің жемісі.
Төкен Танаұлы кәсіпкерлікпен айналыса бастаған алғашқы жылдардан бері білім, денсаулық, мәдениет және спорт салаларына баса көңіл бөліп келеді. Оған дәлел, Төкен Танаұлының қолдауымен, Атырау және Маңғыстау өңірінің экологиялық жағдайын ескере отырып, Түркістан облысы Түлкібас ауданының табиғаты жайлы Машат шатқалынан 7-14 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған жазғы емдеу-сауықтыру орталығын ашты. Оның қолдауымен ашылған «Тағылым» жекеменшік мектебі Атырау қаласының білім беру саласындағы табысы нәтижелі бірегей оқу орындарының біріне айналды.
TNS-group концерні «Проспект Медикал Лимитд» (Ұлыбритания) компаниясымен бірігіп, Атырауда «Проспект Медикал – Каспиан» біріккен кәсіпорнын құрды. Бұл компания Атырау облысында жұмыс істейтін «Теңізшевройл», «Норд Каспиан Оперейтинг Компаний», «Уорди Парсонс Казахстан», «Флюор» секілді ірі компаниялардағы шетелдік азаматтарға медициналық қызмет көрсетеді. Пандемия кезінде облыс дәрігерлерімен бірлескен түрлі емдеу шараларына қатысып келеді.
Іскер басшы, арда азамат Төкен Танаұлы – бірнеше жыл Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа мүшесі болған, республикаға кеңінен танымал кәсіпкер. Оның көп жылғы еселі еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендерімен марапатталды. Қоғамдағы қайраткерлік белсенділігі үшін ІІ дәрежелі «Князь Даниил Московский», Тәуелсіз елдер Достастығының «Достық жұлдызы», еуропа бизнес орталығының «Сократ» ордендерін иеленіп, Халықаралық дәрежедегі «Кеден одағы елдерінің Құрметті азаматы» атанды. Қазақстанның «Құрметті құрылысшысы», «Құрметті автотранспортшысы», «Құрметті автокөлікшісі» атақтарына ие болды. Сондай-ақ Атырау қаласының, Жылыой, Қарақия аудандарының және Маңғыстау облысының құрметті азаматы атанып отыр.
ХХ ғасырда дүниеге келіп, кеңестік дәуірде тәрбие мен білім алып, мамандығы бойынша лауазымды жұмыстарды адал атқарған Төкен еліміз тәуелсіздікке ие болғаннан соң жаңа талапқа сай, нарықтың заңдарын жетік игеріп, айналасына шыңдалған, іскер азаматтарды топтастырды. Еліміздің батыс өңірінде кәсіпкерлікті дамытып, мыңдаған жұмыс орнын ашты. Оның басқаруындағы концерн бюджетке қомақты қаржы құйып, инвестиция тартып келеді.
Төкен Танаұлы – мамандық пен жар таңдауда жолы болған, қиындыққа мойымау, алға ұмтылу секілді асыл мұратына жеткен азамат. Тамаша жары Дина Есімқызы екеуі ұлағатты ұрпақ өсіріп, немере сүйіп, әулеттің ұйытқысы болып отыр. Міне, Төкеннің көпшілікке үлгі-өнеге болатын өмір-жолын адамның тағдыры өзіне байланысты деген қағиданың көрінісі дей аламыз. Бұл күндері сексеннің сеңгіріне дені сау, ақжарқын көңілімен көтерілсе де бұрынғыдай қайнаған жұмыстың бел ортасында жүр. Өйткені «Үш-ақ нәрсе-адамның қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп ұлы Абай айтқандай, кемел жасқа жеткен қадірменді досымның бойындағы осындай асыл қасиеттерді бүгінгі жас ұрпақ үлгі тұтарына сенемін.
Равиль ШЫРДАБАЕВ,
Мемлекет және қоғам қайраткері