Тарихы терең Тараз шаһарының қойнауында әлі де ашылмаған талай сыр бар. Мыңжылдықтарға жалғасқан көне мекеннің көркем кеңістігін бүгінгі ұрпаққа таныту парыз. Жауһар жәдігерлерді насихаттап, оны тарихи тұрғыдан зерделеу міндет. Осы орайда, Халықаралық музей күні қарсаңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Музейдегі түн» мәдени-білім беру акциясы өтті.
Жалпы, аталған мереке 1977 жылы Халықаралық музейлер кеңесінің Бас конференциясында бекітілген екен. Ал «Музей түні» шарасы 1997 жылы тұңғыш рет Германияның Берлин қаласында өткен. Уақыт өте келе бұл игі дәстүр елімізде де жалғасты. Қазіргі кездегі карантин талаптарына байланысты Әулиеата жеріндегі бұл шара биыл онлайн форматта өтті. Тараздық жұртшылық музей түнін түрлі әлеуметтік желілер арқылы тамашалады. Дәстүрлі «Музейдегі түн» акциясы облыс орталығындағы «Төрткүл» керуен сарайынан бастау алып, облыстық тарихи-өлкетану музейінде өрбіді. Әуелі ашық аспан астында «Көне Тараздың құнды жәдігерлері» атты археологиялық, «Киелі Қазақстан» атты коллаж түріндегі және «Тараз – тарихтың алтын діңгегі» атты суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмелері қойылды. Сондай-ақ көпшілік назарына «Шығыс базары» көрмесі, түрлі шоу-дефиле және Абай Құнанбайұлы мен Жамбыл Жабаевтың туындыларын қамтыған «Тақырыптық кітап» көрмесі, «Тарихи дәуірлердің жанданған кейіпкерлері» сияқты шаралар ұсынылды. Сонымен қатар аталған музейдің экспозициялық залында тарихи «Алтын адам» мен «Томирис» бейнесі сомдалып, ұлт тарихынан сыр шертетін «Қазақ хандығы» және «Айша бибі мен Қарахан» театрландырылған қойылымы көрсетілді. Іс-шара барысында шағын концерттік бағдарлама мен музей туралы түсірілген арнайы бейнесюжет те қамтылды. Бұдан кейін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сейітжан Ілияс бірқатар мәдениет саласының қызметкерлерін Алғыс хатпен марапаттады. Ал шара соңында «Қарақат» мектеп-студиясының жетігеншілері «Елік-ай» халық әнін орындады.
Жамбыл облысы