• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Мамыр, 2021

Студентке сергектік жарасады

195 рет
көрсетілді

Кеншілер астанасындағы Қазтұтынуода­ғының Қарағанды экономикалық универ­ситетінде дене тәрбиесі мен спортқа ерекше маңыз берілген. Мұндағы спорт кешенінде жыл сайын түрлі республикалық және облыстық деңгейдегі жарыстар мен турнирлер өтіп тұрады.

Сонымен қатар аталған оқу орнында елімізге белгілі көптеген спортшы білім алған. Мысалы, олардың қатарына боксшылар – Олимпиаданың қола жүлдегері Серік Елеуов, Олимпиаданың кү­міс жүлдегері Василий Левит, әлем чемпионатының күміс жүл­дегері Қамшыбек Қоңқабаев, әлем чемпио­натының екі дүркін қо­ла жүлдегері Абылайхан Жү­сі­­­­повті, сондай-ақ балуан, Олим­­пиа­даның қола жүлдегері Эльмира Сыз­дықованы, конькимен жү­гіруші, Азия ойындарының чем­пионы, үш бір­дей Қысқы Олим­пия ойындарының қа­тысушысы Ека­терина Айдованы және бас­қаларды қосуға болады.

Таяуда осы университетте кәсіби спорттық керек-жарақпен жаб­дықталған жаттығу залы сал­танатты түрде ашылды. Оқу орнының басшылары бұл залдың «Дене тәрбиесі және спорт менедж­менті» мамандығы үшін зерт­хана ретінде пайдаланылатынын да айтады. Мұнда емдік дене шынықтыру, фитнес-технологиялар, таңдалған спорт түрінде оқыту әдістемесі сияқты пәндер оқытылатын болады. Сонымен қатар бұл залда футзал, волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика бо­йынша университет құрама ко­мандаларының жаттығулары өтеді.

Айта кету керек, аталған залда кәсіби спорт жабдықтары өнімдерімен аты әлемге танымал болған Shandong Tianzhan Fitness Equipment Co ком­паниясының 19 түрлі жаттығу құралы орнатылған.

 

ҚАРАҒАНДЫ