Ұлы Отан соғысының отты жылдарын басынан кешіп, туған елінің, жас ұрпақтың бақытты болашағы үшін қаһармандықпен күрескен соғыс ардагерлеріне деген құрмет пен ілтипат ұлғая түсуде. Ұлан-байтақ елімізде соғыс және еңбек ардагерлеріне қамқорлық пен көмек көрсету аясының кеңейе түсуі де осы үдерістердің айқын айғағы. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына биылғы Жолдауында аға ұрпаққа деген қамқорлық аясын кеңейту жөнінде атап айтылған болатын.
Алматы қаласындағы 28-панфиловшылар саябағында майдангерлерге арналып өткізілген “Жайқала берсін бұтағың, ұмытпай жүрсін ұрпағың” атты акция соның бір жарқын көрінісі болды. Акция шеңберінде Ұлы Отан соғысының 30 ардагеріне және еңбек майданына қатысушыларға Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған мерекелік медальдар салтанатты түрде тапсырылды.
Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысының ардагерлерін Медеу ауданының әкімі М.Бейдали Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, оларға жылы лебіз білдірді. Мерекелік іс-шара барысында майдангерлермен қатар, қаладағы орта мектептің оқушылары 28-панфиловшылар саябағында жас шырша көшеттерін отырғызды.
Бақыт БАЛҒАРИНА, АЛМАТЫ.