Табиғат тазалығына түрлі жолмен көңіл бөлуге болады. Сондай ерекше жобаны EcoQolday экологиялық театры қолға алып отыр. Өнер ұжымы тек балалардан құралған. Ол жерде шығармашылық ұжым тұрмыстық қалдықтарды бөліп тастау, қоршаған ортаны қорғау тақырыптарына қатысты қойылымдар әзірлейді.
Театр шымылдығы «Гринейктер хикаясы» спектаклімен ашылды. Аталған пьеса экологиялық тақырыпты негіз еткен ертегінің желісімен жазылған. Спектаклді орыс драма театрының кәсіби қоюшы-режиссерлері дайындапты. Осы айда театр өз көрермендеріне тағы екі спектакль ұсынуға ниетті.
Спектакль көруге немесе актерлік шеберлік курстарына қатысудың жолы да қызық. Ол үшін макулатура, пластик және шыны деген секілді қайталама шикізатты қайта өңдеуге тапсыру қажет. Сондай-ақ инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында театр қабырғасында «Эко-шеберхана» әлеуметтік жобасы ашылған. Ол жерде де тұрмыстық қалдықтарды бөлек сұрыптау бойынша сабақтар өткізіліп, ескі тұрмыстық электр техникасын бөлшектеп, оны қайта өңдеуге жіберу жолдары үйретіледі.
Эко-театр базасында ойын аймағы да бар. Мұнда балаларға экологиялық мәдениет негіздері, қайта өңделетін қалдықтарды үйде сұрыптау, сондай-ақ қоршаған орта үшін бөлек жинаудың артықшылықтары түсіндіріледі. Мұның барлығы оқушыға қызықты әрі ұғынықты болу үшін ойын түрінде өткізіледі. Сонымен қатар елорда оқушыларының инновациялық экологиялық жобалары да назардан тыс қалмайды.
– «Кез келген қоқысқа екінші ұран сыйла» деген ұстанымды негіз етіп театрды ашып отырмыз. Театр жұмысы интерактивті түрде өтеді. Келген көрермендер спектакльді тамашалап қана қоймай, түрлі шеберлік сыныптарына қатыса алады. Театрдың басты мақсаты – өмірге енді араласып, бейімделіп келе жатқан жасөспірімдердің экологиялық түсінігін кеңейту, эко-сауаттылығын арттыру. Эко-театр осындай үлкен мақсатты игере алады деген ойдамыз. Шыны керек, қоғамда қоқысты көшеге тастай салу, жануарларға дөрекілік көрсету сияқты әрекеттер белең алып тұр. Нұр-Сұлтан қаласының өзінде сары және жасыл контейнерлер бар. Алайда көпшілік тұрғын олардың айырмашылықтарын біле бермейді. Міне, осындай қордаланған мәселелерді көркемдеп, өңдеп балалардың аузымен, олардың іс-қимылымен көрерменге жеткізсек деген ниетіміз бар, – дейді «Жасұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрайымы Динара Сәдуақасова.
Елімізде алғаш рет еңсе көтеріп отырған EcoQolday жобасы ӨКМ операторының бастамасымен, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, «Адал ниет» қоры, Clean City NC компаниясы және «Жас Ұлан» РҚБ қолдауымен жүзеге асырылуда. Тұсаукесер спектакльде №83 мектеп оқушылары ойнап шықты. Алдағы уақытта театр жұмысына шаһардағы өзге білім ордаларының оқушылары да атсалыспақ.