• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Мамыр, 2021

«Дарынға» құжат қабылдау жүріп жатыр

592 рет
көрсетілді

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына үміткерлердің құжаттарын қабылдау басталды. Бұл Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.

Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері атанудың биылғы талабы туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов айтып берді.

«2021 жылғы 20 мамырда «Дарын» мемле­кеттік жастар сыйлығына үміткер­лердің құжаттарын қабылдау басталды. Барлық талантты жасты аталған байқауға қатысуға шақырамыз. Өтінімдерді қабылдау 10 тамызға дейін жүргізіледі. Толық мәлімет Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми сайтында жарияланған. «Дарын» сыйлығына үміткерлерге қойылатын негізгі талап – сыйлық алуға өтінімдерді қабылдау аяқталғанға дейін жасы 29-ға толмаған болуы керек. Үміткер жастарды орталық, жергілікті мемлекеттік органдар, оқу орындары, шығармашылық ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер ұсына алады», деді министрлік өкілі.

Оның айтуынша, сыйлық аясында берілетін номинация тізімі өзгеріссіз қалған. «Байқау әдебиет, ғылым, дизайн және бейнелеу өнері, журналистика, классикалық музыка, қоғамдық қызмет, спорт, театр және кино, эстрада, халық шығармашылығы сынды 10 номинация бойынша өтеді. Өздеріңізге белгілі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы байқауына талантты, шығармашылық, халықаралық және республикалық конкурстар мен фестивальдардың, түрлі шаралардың лауреаттары, респуб­ликалық және халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ түрлі қалаларда қоғамды дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген Қазақстан Республикасының 29 жасқа дейінгі азаматтары қатыса алады. Бүгінге дейін 294 адам «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері атанды», деді Шахмардан Байманов.

Брифингке Nur Otan партиясы жанын­дағы Jas Otan жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев та қатысты. Жастар сыйлығының лауреаты ретінде марапаттың артықшылықтарына тоқталды.

«Мен «Дарын» сыйлығының иегері болу үлкен жауапкершілікті талап етеді деп санаймын. Өйткені мұнда үздіктер таңдалады. Тиісінше әрбір жеңімпаз өскелең ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Конкурсқа қатысуға ниет білдіргендердің саны жылдан-жылға артып келеді, бұл жастар арасындағы бәсекелестіктің өскенін айғақтайды. Мұндай үрдіс, шын мәнінде, қуантады. Өздеріне, өздерінің игі ісіне, дағдысы мен біліміне сенетін барлық жасты өтініш білдіріп, конкурсқа қатысуға шақырамын», деді спикер.

Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, үміткер ұсынатын құжат топтамасы көп емес. Жеке куәліктің көшірмесі, тіркеу өтінімі, қолдаухат және жетіс­тік­тер туралы анықтама, марапаттау диплом­дарының, грамоталардың, алғыс хаттардың көшірмелері, кандидаттың немесе кандидат туралы мақалалардың, жарияланымдардың көшірмелері, кандидаттың жетістіктерін растайтын өзге де материалдар талап етіледі екен.

Өз саласында топ жарғандарға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы­ның лауреаты» атағы беріліп, диплом, төсбелгі және ақшалай сыйақы тапсырылады.

Ал биылдан бастап «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы бұрынғыдан өзгеше тәртіппен өтеді. Биыл жетінші рет өткізілетін байқаудың шартын Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төр­ағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен айтып берді.

«Алты жылда «Мерейлі отбасы» конкурсына 15 197 отбасы қатысқан. Оның 62 пайызы ауылдық жерлерде тұрады, бұл конкурс ауқымының кең екенін көрсетеді. Қатысушылардың 36,3%-ы – көпбалалы отбасы, 18%-ы – жас отбасы, 17%-ы – еңбек әулеттерінің өкілдері. Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Осыған орай елімізбен бірге өсіп келе жатқан отбасы құрып, балалы болған «тәуелсіздік құрдастарын» да байқауға қатысуға шақырамыз. Олар жас отбасы, үлгілі отбасы болу үлгісін қоғамға көрсете алады», деді Ләззат Сүлеймен.

– Қазақстан – отбасы саясатын табанды жүргізіп келе жатқан мемлекет. Отбасының әл-ауқатын жақсарту, ана мен баланың құқығын қорғау, демографиялық өсуді ынталандыру және көпбалалы отбасыларды қолдау мәселелері әрдайым назарда. Бұған дәлел ретінде ұлттық бюджеттің 48%-ы әлеуметтік салаға бөлінетінін айта кету керек, – деді спикер.

Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов жаңа ережелерді таныстырды.

«Биыл Үкімет қаулысымен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын өткізудің жаңа қағидалары бекітілді. Ол бо­йынша конкурсты танымал ету және үміткерлердің санын ұлғайту үшін өтінімдерді отбасының өздерінен басқа, жергілікті атқарушы органдар және заңды тұлғалар енгізе алады. Өңірлік кезеңнің барлық жеңімпаз отбасысын еңбек, спорт, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жетістіктеріне сай, республикалық деңгейде бір отбасын ғана таңдамай, барлық 17 отбасына конкурс лауреаты атағын беру туралы шешім қабылданды. Конкурс әділ әрі ашық өтуі үшін өңірлік комиссиялардың құрамына азаматтық қоғам өкілдері, өткен жылдардағы жеңімпаздарды қосу көзделген. Комиссия отырыстары жергілікті атқарушы органдардың интернет ресурстарында және әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында онлайн көрсетілім арқылы өтеді», деді комитет төрағасы.

Конкурсқа қатысуға үміткерлер өтінімдерін жергілікті комиссияларға 15 маусымға дейін жолдай алады. Конкурс лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі қыркүйек айының екінші жексенбісі – Отбасы күні мерекесі қарса­ңында өтеді.