Қарағандының маңындағы Пришахтинск елді мекенінде жергілікті «Отзыв» қоғамдық қорының мұрындық болуымен «Мұқтажсың ба – ал, мырзасың ба – сал» деп аталған қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.
Бұл іс-шараның мәнісі мынада болды: жергілікті ірі дүкеннің біріне үсті азық-түлік түрлеріне толы үстел қойылды. Оның жанына «Мұқтажсың ба – ал, мырзасың ба – сал» деп жазылған хабарландыру ілінді. Яғни дүкенге кірген кез келген тұрғын шын мұқтаждық қысса, осы жерден өзіне керектісін алып кете алды. Ал жағдайы барлар болса, азық-түліктің қандай да бір түрін сатып алып, әлгі үстелдің үстіне қойып кетіп отырды. Мұнысымен ол қайырымды іске өзінің үлесін қосқан еді.
– Акция идеясын біздің қордың қызметін бұрыннан қадағалап жүрген, көмек көрсетіп келе жатқан таныс балалар ойлап тапты. Олар бұл іске ұзақ уақыт дайындалды: қаражат жинады, азық-түлік өнімдерін сатып алды. Бұл акцияның нендей мақсатты көздегенін адамдар түсінуі үшін арнайы жадынама да жасады, – дейді «Отзыв» қоғамдық қорының жетекшісі Александр Корогодов.
Жастардың бұл игі ісі тұрғындар тарапынан үлкен қолдау тапқанын айта кеткен ләзім. Мысалы, акция туралы құлағдар болған жас кәсіпкерлер бұл іске өздерінің үлестерін қоса бастады. Атап айтқанда, жеміс-жидек сатумен айналысатын жас бизнесмендер арнайы үстелдің үстін алма, банан, киви сияқты жемістермен толтырып тастады.
«Отзыв» қоғамдық қорының жетекшісі Александр Корогодов қайырымдылықпен айналысып жүрген жастарды барынша қолдады. Ол акцияға қаржылай демеушілік жасап, сонымен бірге іс-шараны дұрыс ұйымдастыру жағынан қол ұшын беріп, өзінің мол тәжірибесімен бөлісті.
– Үстелдің жанынан өткен қарапайым адамдар мұндай қайырымды іске сенер-сенбесін білмей таңғалумен болды, – дейді «Отзыв» қорының жетекшісі. – Басында жұрттың көбі жастар азық-түлік сатып тұр деп ойлады. Көптеген мұқтаж жанның үстелге жақындауға ұялғанын да көрдік. Біз оларды өзіміз шақырып алып, керектісін сөмкелеріне салып бердік.
Ал үстелдің үстінде жеміс-жидектен бөлек, күріш, қарақұмық, макарон, қант, тұз, ұн, су, құрма сияқты аса қажет азық-түлік өнімдері болған еді.
Жалпы, осындай қайырымды істердің бел ортасында жүретін «Отзыв» қоғамдық қоры осымен сегізінші қайырымдылық акциясын ұйымдастырып отыр. Соңғы рет өткізген іс-шара барысында олар азық-түлік өнімдерін сатып алып, әлеуметтік осал топқа жататын 40 отбасына тегін таратып берді.
Аталған қордың жетекшісі қайырымдылық акцияларының алдағы уақытта да жалғасын таба беретінін айтады. «Қайырымдылық адамдарды мейірімді етеді», дейді «Отзыв» қоғамдық қорының жетекшісі Александр Корогодов.
Қарағанды облысы