• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Үкімет 24 Мамыр, 2021

Сенаторлар квазимемлекеттік сектордың сатып алулары туралы заң жобасын қарайды

195 рет
көрсетілді

Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда 27 мамырда өтетін Сенат отырысының күн тәртібі талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенаторлар алдағы отырыста «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерін сатып алу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерін сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын қарайды.

Бұл құжаттар ұлттық басқарушы холдингтердің жұмыс істеуін қамтамасыз ету және жарғылық қызметін орындау үшін қажетті тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды реттеудің заңнамалық негізін қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар заң жобасында Қазақстан Республикасының жекелеген квазимемлекеттік сектор субъектілерін сатып алу туралы заңнама талаптарының сақталуын бақылау регламенті нақтыланады және оған іс-әрекеттерге шағымдану жөніндегі нормалар енгізіледі.

Сенат отырысында депутаттар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын да қарайды.

Бұдан басқа, Бюро отырысы барысында Мәжілістен келіп түскен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті бас комитет болып белгіленді.