Бүгінде Жамбыл облысында түлектердің туған жерге ту тігіп, ауылдықтарға көмектесу дәстүрі қалыптасқан. Бұл бастаманы әр жылғы түлектер де қолдап, ауылды көркейтуге күш салуда, деп хабарлайды Egemen.kz.
Биыл мектеп бітіргендеріне 20 жыл толып отырған Байзақ ауданы, Көптерек ауылдық округіне қарасты Кеңес ауылының 1984 жылы туған азаматтары да аталған бастаманы іліп əкетіп, ауылдағы Қайрат Каленовтің отбасына үй салып берді.
Кеңестік тұрғындардың қуанышына аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов ортақтасып, баспаналы болған отбасын құттықтады. Ол өз сөзінде өңірде бастау алған «Асарлатып үй салу» жобасының мәні мен мазмұнына тоқталды. Мұндай игі істің ел ішінде қайта жанданып, баспанаға мұқтаж кісілерге, жетім мен жесірге, аз қамтылған және тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға шарапаты тие бастағаны – елдігіміздің белгісі екенін атап өтті. Сондай-ақ, ауыл азаматтарының бұл ісіне Дәуір Дәулетов аудан басшылығы атынан ризашылығын жеткізіп, аудан әкімінің Алғыс хатын тапсырды. Кеңес ауылының жастары осындай қайырымы мол, игі істі қатарынан екінші жыл жалғастырып келеді.