Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев осы уақытқа дейін өңірде заңсыз жүргізілген құрылысты сынға алған болатын, деп хабарлайды Egemen.kz.
Атап айтқанда, «қызыл» сызық талабын сақтамаған нысандарды бұзу бойынша тиісті басшыларға нақты тапсырма жүктеген еді. Бүгінде берілген тапсырманың орындалу қарқыны қандай? Тиісті мекемелер айтылған сыннан қорытынды шығарды ма?
Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешовтің айтуынша, өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасы бойынша коммерциялық кәсіпорындар құрылысының заңдылығына тексерулер жүргізілген екен. Тексеру барысында барлығы 123 нысанның «қызыл» сызық талабын бұзғандығы анықталып, бүгінге дейін 85 нысан сүрілген.
Сондай-ақ, аталған басқарма басшысы қалған 38 нысанға қатысты аудандық әкімдіктер тиісті шара қолданбай отырғанын жеткізді. Ағымдағы жылдың басынан бері «қызыл» сызықтан асқан тағы 80 нысан, одан бөлек құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту және пайдалану қағидасына сай құжаттары рәсімделмеген 16 заңсыз құрылыс анықталған.
Бұл орайда, Бердібек Сапарбаев аудан әкімдері құрылыс нормалары мен ережелерін бұзуды жою бойынша нақты шаралар қабылдауға құзырсыз екенін айтты.
«Қызыл» сызыққа қатысты мәселе бірінші рет талқыланып отырған жоқ. Заңсыз салынған нысандарды бұзып жатқанымызбен, мына жақтан тағы да заңсыз жаңа нысандар бой көтеруде. Демек, жауапты органдар мен әкімдіктер бірлесіп жұмыс істей алмай отыр. Бәрі жауапкершілікті бір-біріне ысыра салуға дайын. Ресми хаттар жолдап қойып, жауабын күтіп отыруға үйренгенсіздер. Ал, нақты жұмысты бастауға ешкім асығар емес. Бұл бюрократия қашан аяқталады?», деді әкім. Осы орайда Бердібек Сапарбаев құрылыс саласындағы заңсыздықтарды қысқа мерзімде жою бойынша арнайы іс-шаралар кестесін әзірлеуді тапсырып, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері салынып жатқан нысандардың иелерінде тиісті рұқсат құжаттарының бар-жоқтығын зерделеп, дер кезінде қажетті шараларды қабылдауы тиіс екенін жеткізді. Сонымен қатар, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысына да құрылыс жұмыстарының сапасын қадағалауды тапсырды.