Шығыс Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралуы бәлендей азайған жоқ. Соңғы тәулікте облыс бойынша вирус 80 адамнан анықталған. Оның көбі Өскемен, Семейден шықса, аудандар арасында Ұлан мен Аягөз тізімді бастады. Десе де бас санитарлық дәрігердің қаулысымен облыс «жасыл аймаққа» өтті. Ал Өскемен, Семей және Аягөз қалалары әзірше «сары аймақта» қалып отыр.
«Жасыл аймақ» екенбіз деп жайбарақат жүруге әсте болмайды. Дендеген дерт танаудың астында ғана. Оның үстіне, Шығыс Қазақстан туристік-рекреациялық аймақ болғандықтан, ала жаздай саяхатшылардың легі үзілмейді. Яғни әлемді жалмаған жаман аурудың таралу мүмкіндігі де көбейе түспек. Ондайда әр адам саналы түрде сақтана түскені абзал. Туристік аумақтарда сақтықты күшейтіп, қауіптің алдын алу үшін мемлекет тарапынан да шаралар қолға алынған. Айта кетсек, 23 мамырда Шығыс Қазақстан облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері «Бұқтырма су қоймасының, Алакөлдің және Рахман қайнары санаторийінің туристік-рекреациялық аймақтарында COVID-19 коронавирус инфекциясы ауруының әкелінуі мен таралуының алдын алу жөніндегі шаралар туралы» №7 қаулыға қол қойды.
Қаулыда айтылғандай, 1 маусымнан бастап туристік-рекреациялық аймақтарда күшейтілген санитарлық дезинфекциялық режімді, термометрияны, бетперделік тәртіпті және әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, адамдарды орналастыру және демалу орындарын жазғы туристік маусымға дайындауға рұқсат берілді. Алайда нысандардың қызметін қайта бастау үшін бекітілген бірқатар ереже бар. Біріншіден, демалыс орындарының иелеріне InfoKazakhstan.kz сайтынан электронды форматта берілетін «Санитарлық нормаларға сәйкестік актісі» қажет. Сонымен қатар шектеу шаралары жағдайында жазғы туристік маусымды ашуға берілетін «дайындығы туралы акті» және бар.
Бас санитарлық дәрігер бекіткендей, демалыс орындарында Ashyq жобасын да іске қосу қажет. Мәселен, меншік иелері демалыс базасына келген мейманды «жасыл/көк» статусқа тексеріп отырса ғана, жұмыстарын жалғастыруға рұқсат беріледі. Атап айтсақ, Бұқтырма су қоймасының, Алакөлдің, Рахман қайнарының аумағындағы қызмет көрсету нысандарында Ashyq жобасын енгізіп, келушілерді жіті қадағалап отырған жөн.
Шығыс Қазақстандағы демалу, сауықтыру орындарында тынығып қайтамын деген азаматқа, берілген күнінен бастап үш тәуліктен (72 сағат) аспайтын теріс нәтижесі бар ПТР әдісімен тексерілген зертханалық құжат қажет. Одан бөлек, COVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы вакциналаудың толық курсын алғанын растайтын құжаттың болуы шарт. Ескерте кетерлігі, «сары/қызыл» статусы бар жеке тұлғаларға туристік-рекреациялық аймақтарға келуге тыйым салынады.
– Әрине, аудан экономикасы үшін саяхатшылардың келіп жатқаны жақсы. Алайда біз тұрғындардың денсаулығын бірінші орынға қоюымыз керек. Бұл үшін облыстық бас санитарлық дәрігер бекітіп берген қаулы негізінде жұмыс атқаруымыз керек. Аудандағы демалыс базалары келушілерді белгіленген ережеге сай қабылдап қана қызмет көрсете алады. Бұған халық түсіністікпен қараса екен дейміз. Атқарылып жатқан шараның бәрі сіз бен біздің қауіпсіздігіміз үшін, – дейді Алтай ауданының әкімі Қалихан Байғонысов.
«Тәртіпке бағынған құл емес». Бекітілген ережені бір кісідей сақтауымыз керек. Айтқандай, санитарлық талаптардың орындалуын арнайы жасақталған мониторлық топ күнделікті қадағалап отырады. Ереже ескерілмеген жағдайда, белгілі мөлшерде айыппұл салу көзделген. Халық осыны да естен шығармағандары абзал.
Бір жағынан өңір «жасыл аймаққа» өтіп, бірқатар шектеуге өзгерістер енді. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қанат Тұрдиевтің айтуынша, «жасыл аймаққа» жататын қалалар мен елді мекендерде ертеңнен бастап мейрамханалар, дәмханалар мен жазғы алаңдар түнгі сағат 02:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берілді. Елуден артық адам қатыспаған жағдайда, еске алу түскі астарын өткізуге де рұқсат етіледі. Сондай-ақ мешіт, шіркеу, синагога сынды діни нысандарда іс-шаралар өткізуге рұқсат етіледі. Бірақ қатысушылардың саны 100 адамнан аспауы тиіс. «Жасыл аймақтағы» елді мекендер үшін бильярд, боулинг, ойын клубтары, балалар ойын-сауық орталықтары, соның ішінде жабық бөлмелердегі аттракциондар жұмысын қайта бастайды.
Естеріңізге тағы бір мәрте сала кетсек, Өскемен, Семей және Аягөз аудандары «сары аймақта». Сондықтан жоғарыда аталған жеңілдіктердің бұл өңірлерге қатысы жоқ. Демек мұндағы жабық үй-жайларындағы іс-шаралар мен еске алу түскі астарына әлі де тыйым салынған. Бильярд, боулинг, ойын клубтары мен балалар орталықтары да әлі жұмыс істей алмайды. Ал Ashyq жобасы енгізілген нысандар белгіленген режімде жұмыс істеуге құқылы.
Шығыс Қазақстан облысы