Қостанайлық Александр Ерунов баламалы қуат көзімен жүретін шағын мопед құрастырып шықты. Өнертапқыш өзінің екі аяқты көлігі Кедендік одақтың барлық техникалық талабына сай құрастырылғанын, сондықтан шекара ашылса, Қазақстан мен Ресейдің арасында еш кедергісіз жүре беруге болатынын айтады.
Александр мектепті тәмамдаған соң үш түрлі техникалық мамандық бойынша білім алған. 8 жылдан бері Қостанай автожол колледжінде сабақ беріп жүр.
– Мен іштен жанатын қозғалтқыштың қыр-сырын, оның артық-кем тұстарын жақсы білемін. Дегенмен электр моторлары мен күннен қуат алатын панелдер бала кезімнен ерекше қызықтыратын. Жалпы, электртранспорттар туралы таным-түсінігім қазірше теориялық деңгейде ғана. Өйткені бұл салаға қатысты неше түрлі пікір бар, олардың біразы бір-біріне кереғар келіп жатады. Сондықтан электрқозғалтқыш пен баламалы қуат көздерінің кемшін жақтары мен басым тұстарын жете түсіну мақсатында өз қолыммен электрмопед құрастырып шығуды жөн санадым, – дейді Александр.
Жас оқытушы электр мопедін төрт жыл ішінде құрастырып шығыпты. Оған бір жағынан қаржы тапшылығы кедергі болса, екінші жағынан кейбір техникалық мәселелердің туындауы себеп болса керек. Өнертапқыш екі аяқты көлігін өзі тұратын пәтерде құрастырып шыққан. Айтуынша, мопедтің моторын Алматыдан, қаңқасын Мәскеуден, алдыңғы доңғалағын Тольяттиден алдырған. Бірсыпыра бөлшекті интернет-сайттар арқылы сатып алыпты. Қолдан құрастырылған электр көлігінің жылдамдығы сағатына 72 шақырымға дейін барады. Баламалы қуат көзімен жүретін мопед 120 килоға дейін жүк көтере алады.
– Бұл мопедтің қосалқы бөлшектерінің түгелге жуығын сатып алдым, жаңадан ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ. Бірақ кейбір жерлерін өзімше ойластырып жасап шығуға тура келді. Мысалы, электр сымдарын өзім жүйеледім, электр блогын өзім жинап шықтым. Бұл жүйе 72 Вольтқа есептелген, – деді Александр.
Қостанайлық өнертапқыш ерекше жобасын түбегейлі аяқтап, көлігін сынақтан өткізу үшін өзі тапсырыс берген литий-темір-фосфатты қуаттандырғыштың келуін күтіп отыр.
Қостанай облысы