Қазақстандық жеңілатлет Жанна Мамажанова ел қоржынына кезекті Токио Олимпиадасының жолдамасын салды.
Олимпия ойындарына жолдама беретін Аустриядағы халықаралық марафонда бақ сынаған жеңіл атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Жанна Мамажанова алдына жан салмай, мәре сызығын өзгелерден бұрын кесті. Жарысты 2 сағат 29 минут 1 секунд уақыт көрсеткішімен аяқтаған жерлесіміз Олимпиада жолдамасын иеленді. Бұл – жеңілатлеттердің төртінші лицензиясы.
Айта кетейік, бүгінге дейін жеңіл атлетика өкілдері үш жолдама жеңіп алған еді. Атап айтар болсақ, Олимпия ойындарының алтын, күміс және қола жүлдесін олжалаған Ольга Рыпакова биыл өзінің төртінші Олимпиадасына қатыспақ. Сондай-ақ Токиода спорттық жүріс бойынша Георгий Шейко, Айман Ратова ел намысын қорғайды.
Жаңа есімдер жарқ етті
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов маусым айында өтетін ойындарға шақырылған футболшылардың тізімін жария етті. Бас жаттықтырушы бұл жиынға бірқатар жаңа ойыншы мен ұлттық құрамаға біраз уақыттан бері іліге алмай жүрген футболшыларды шақырған.
Қақпашылар: Дмитрий Непогодов («Астана»), Стас Покатилов («Қайрат»), Мұхаммеджан Сейсен («Тараз»); Қорғаушылар: Сергей Малый, Александр Марочкин, Руслан Валиуллин (барлығы – «Тобыл»), Олжас Керімжанов («Тұран»), Еркін Тапалов («Ақжайық»), Мақсат Тәйкенов («Каспий»), Әлібек Қасым, Нұрлан Дайыров (екеуі де – «Қызылжар»), Ғафуржан Сүйімбаев, Нұралы Әліп (екеуі де – «Қайрат»).
Жартылай қорғаушылар: Абзал Бейсебеков, Исламбек Қуат (екеуі де – «Астана»), Асхат Тағыберген, Серікжан Мужиков, Азат Нұрғалиев (барлығы – «Тобыл»), Владислав Васильев («Энергетик-БГУ», Беларусь), Еркебұлан Тұңғышбаев («Ордабасы»), Бауыржан Байтана («Тараз»); Шабуылшылар: Роман Мұртазаев («Астана»), Таңат Нөсербаев («Тұран»), Артур Шушеначев («Қайрат»), Алексей Щеткин («Ротор», Ресей).
Қазақстан құрамасы 4 маусымда Тоше Проески атындағы стадионда Солтүстік Македония құрамасымен кездеседі. Ал 7 маусымда Аустрияның Вольфсберг қаласында Мальтамен күш санасады.
Ташкентте топ жарды
Бұл күндері Өзбекстан астанасы Ташкентте ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жаһандық додада бақ сынап жатқан қазақстандық толағайлар жарыстың алғашқы күнінде алтын жүлде жеңіп алды.
Қазақстан құрамасынан 55 килоға дейінгі салмақта сынға түскен Абылай Әуелханов екі бағдарлама қорытындысы бойынша 248 кило зілтемірді еңсеріп (108+140), әлем чемпионы атанды. Күміс медальды Өзбекстан өкілі Огабек Нафасов, қоланы эквадорлық Зурита Валледжо еншілеген.
Естеріңізде болса, Абылай осыдан бір ай бұрын Ташкентте ұйымдастырылған ересектер арасындағы Азия біріншілігінде күміске қол жеткізген болатын. Ол екі бағдарламада 244 (108+136) килоны еңсерген еді.