Латвия астанасы – Ригада өтіп жатқан шайбалы хоккейден әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі ойындар бел ортасына жақындады. Үшінші тур бәсекелерінің қорытындысы бойынша, әзірге екі топта бір-бір құрама жеңілістің не екенін білмей келе жатқан. Қазақстан хоккейшілері де жеңісті жолын жалғастыра алмаған-тын. Бірақ келесі кездесуінде жеңіліссіз келе жатқан Германияны 3:2 есебімен тізе бүктірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жерлестеріміз үшінші турда азулы АҚШ құрамасымен шеберлік байқасты. Әлемдік рейтингте алтыншы орында тұрған Америка хоккейшілері алғашқы турда Финляндияға 1:2 есебімен есе жібергеннен кейін, екінші турда Канада құрамасын ірі есеппен жеңді – 5:1. Әр тур сайын ойындары қарқын алып келе жатқан Солтүстік Америка өкілдері үшінші турда Қазақстан құрамасының қақпасына жауапсыз үш шайба соқты.
Қазақстан құрамасының әлем біріншілігіндегі өткен екі ойынымен салыстырғанда, Юрий Михайлис АҚШ-қа қарсы өткен матчта құрамға аздаған өзгеріс енгізгенін байқадық. Мәселен, бұған дейінгі кездесулерде алғашқы бестікте ойнаған шабуылшылар Александр Шин мен Евгений Рымаревтің орнына Роман Старченкомен бірге Кирилл Панюков және Дмитрий Шевченко шықты. Сонымен қатар бір ойынға айыпталған қорғаушы Виктор Сведбергті Валерий Орехов алмастырды. Бұл В.Ореховтың әлем біріншілігіндегі алғашқы матчы болды.
АҚШ хоккейшілері ойын басталған сәттен бастап тізгінді өз қолдарына алып, кездесудің 7-минутында есепті ашты. Голдың авторы – Адам Кленденинг. Голдан кейін де америкалықтар Бояркин қорғаған қақпаның маңайын біраз торуылдағанымен, қазақстандық қақпашы шайба соғуға мүмкіндік берген жоқ. Бірінші кезеңде америкалықтар біздің қақпаға 25 (!) соққы жасады. Оның тек біреуі ғана голға айналды. Ал Қазақстан хоккейшілері бірінші кезеңде 8 мәрте соққы жасады.
Екінші кезеңде де белсенді болған қарсыластар 22-минутта есепті 2:0-ге жеткізді. Бұл жолы 26 жастағы «Лос-Анджелес» клубының шабуылшысы Тревор Мур көзге түсті. Бұған дейінгі ойындарда көбіне сан басымдығына ие болған сәттерде де гол соғатын Қазақстан құрамасы АҚШ-пен өткен ойында мұндай мүмкіндіктерін пайдалана алмады.
Үшінші кезеңде де америкалықтар ойын басталған сәтте гол соғып кетті. 42-минутта Райан Донато мен Мэтт Теннисоннан пас алған Джек Друри мұзайдынның орта тұсында орналасқан көк сызықтан біздің қақпаға гол соғып кетті. Қазақстандық хоккейшілер матч соңына дейін есеп айырмасын қысқартуға тырысқанымен, бұл ойында отандастарымызға гол соғу бақыты бұйырмады. Қорытынды есеп 3:0 АҚШ-тың пайдасына.
Осылайша, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады. Матчтан соң Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Юрий Михайлис ойынға қатысты өз пікірін білдірді. «АҚШ секілді азулы командаға қарсы ойнау біз үшін үлкен тәжірибе болды. Кейбір сәттерде біз шабуылдан қорғанысқа, қорғаныстан шабуылға шығуға үлгермей жаттық. Қарсыластарымызға кездесудің басым бөлігін өз аймағымызда өткізуге мүмкіндік беріп қойдық. Біздің командада да гол соғатын бірнеше мүмкіндік болғанымен, оны жүзеге асыра алмадық. Қарсылас команданың ойыны бізге сабақ болды. Келесі кездесулерде қателіктерімізді түзеуге тырысамыз», деді Юрий Михайлис.
Бас бапкер сөзінде тұрды. Германиямен болған төртінші тур ойынында Қазақстан құрамасы табандылық танытып, кездесу соңына қарай жеңісті қарсыластарынан жұлып әкетті. Голдардың авторлары – Александр Шин, Роман Старченко және Павел Акользин.
Немістер ойын есебін өзгертуге қанша күш салғандарымен, оларынан нәтиже шықпады.