• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
ANTIKOR 27 Мамыр, 2021

Аягөз қаласының бұрынғы әкімі сотталды

972 рет
көрсетілді

Аягөз қаласының бұрынғы әкімі 4 жыл 5 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Экс-әкім Қуаныш Азыхановқа пара алды деген айып тағылды. Аягөз аудандық сотының мәліметінше, 2020 жылдың 16 және 17 қыркүйегінде қала басшысы «Көркем» ЖК мердігер ұйымынан орындалған жұмыстар актісіне қол қойғаны үшін 1 миллион 200 мың теңге көлемінде пара алған. Мердігер табиғи апат салдарынан зардап шеккен тұрғын үйлерді қалпына келтірумен айналысқан.

Қала басшысы қызметтік кабинетінде ұсталған болатын. Алайда бұрынғы әкім ақшаны қарызға алғанын айтып, кінәсін мойындамаған.

«Сотталушының кінәсін куәгерлердің айғақтары, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижесі, әңгіме стенограммалары мен бейнежазбалар және заттай айғақтар растады. Куәгер сотталушы ақшаны қарызға алды дегенді теріске шығарды. Ол орындалған жұмыстардың актілеріне қол қою үшін ақша бергенін растады. ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы, 2-бөлігінің санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Сот қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды анықтаған жоқ», деді сот өкілдері.

Айта кетейік, тергеу 9 айға созылды. Осы уақыт ішінде іс бойынша үш судья ауысқан. Сондай-ақ деректерді бұрмалағаны үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеушілері жауапқа тартылған.

Прокурор судьядан бұрынғы басшыны 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бірақ сот барлық жағдай негізінде айыпталушыны мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 4 жыл 5 ай мерзімге бас бостандынан айыру жазасын тағайындады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.