Соңғы бір жыл бойы онлайн өткен оқу жылы да аяқталды. Елімізде соңғы қоңырау соғылған күні төбелес те тіркелді, жол ережесі де өрескел бұзылды. Өкінішке қарай, даңғазалыққа бой ұрып, дарақыланып жүргендердің дені – үлкен өмірге енді ғана қадам басқан жас түлектер.
Әлеуметтік желіні шарлап кеткен Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауылы жастарының төбелесі дәл 25 мамыр күні болған. Өмірлеріндегі айтулы күнді осындай тәртіпсіздікпен тәмамдаған түлектер ауылдағы Ж.Қалдығараев пен Ы.Алтынсарин атындағы мектептердің оқушылары болып шықты. Білетін жұрт бұл Бейнеу ауылындағы екі мектеп жеткіншектерінің арасындағы алғашқы қақтығыс еместігін айтып жатыр. Жаппай төбелеске 40-қа жуық оқушы қатысқан. Абырой болғанда, төбелес кезінде ешкім зардап шекпеген. Мерекенің шырқын бұзған төбелесқұмарлардың 7-уі ұсталып, мән-жайды анықтау үшін полиция бөліміне жеткізілген. Бейнеу аудандық полиция бөлімі осы оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 293-бабы «Бұзақылық» бойынша іс қозғады.
Соңғы қоңырау күні әпербақандығымен ақтаулық оқушылар да ерекше көзге түсті. Мектеп бітіргендерін өздерінше атап өткен олар көліктерімен дрифт жасап, көңіл көтерген. Қаладағы автотұрақтардың бірінде көліктерін «ойнақшытып», жоғары жылдамдықта келе жатып кілт бұрыла сырғанатқан жеткіншектер де жазасыз қалмады. Ақтау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері желіккен жас жүргізушінің жеке басын анықтап, оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505 және 593-баптары бойынша хаттама толтырды.
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығы Жанарбек Бақтыбаев соңғы қоңырау мерекесіне байланысты жеке құрамның сол күні күшейтілген режімде жұмыс істегенін мәлімдеді. Сол күні қоғамдық тәртіпті сақтауға 500-ден астам қызметкер жұмылдырылған. Аймақтың тәртіп сақшылары құқық бұзған кәмелетке толмаған жеткіншектер үшін де жауапкершілік қарастырылғанын ескертіп, ата-аналарды балаларын қатаң қадағалауға шақырған еді.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Маңғыстау облысы құқық қорғау органдарының қызметкерлері оқу жылының аяқталуына арналған мерекелік іс-шаралардың қауіпсіздігін арттыру үшін қосымша шараларды қолға алған. 25 мамырда өңірдің білім беру мекемелерінің барлығында салтанатты жиындар өтті. Күшейтілген жұмыс нәтижелері бойынша полиция қызметкерлері Әкімшілік кодекстің бірнеше бабы бойынша көптеген бұзушылықтарды анықтап отыр.
Соңғы қоңыраудың «салтанатын қыздырған» тағы бір топ Алматы – Бішкек күре жолында анықталды. Төрт көлікпен жүйткіген жастар жол ережесін бірнеше рет өрескел бұзғаны үшін жауапқа тартылып отыр. Көліктердің барлығы айып тұрағына жеткізіліп, жастары 17 мен 22-лердегі «тойшыл» топтың іс-әрекеттеріне қатысты бірден 15 әкімшілік хаттама толтырылған. Халықаралық маңыздағы жолда мемлекеттік нөмірі жоқ «темір тұлпарлармен» ойнақ салған жастардың қатты жылдамдықта келе жатқан көлік терезелерінен белуарына дейін сыртқа шығып алып, алаулатып-жалаулатып жүйткіген бейнежазбасы бірден полиция қызметкерлерінің назарына түскен. Жазбаны жан-жақты сараптаған тәртіп сақшылары желік қуған жеткіншектердің барлығы соңғы қоңыраудың соңын жын-ойнаққа айналдырып жіберген Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданының тумалары екенін анықтап отыр. Енді осы дарақылықтары үшін даңғой жеткіншектердің ата-аналары айыппұл төлеуге міндетті.