Арнайы талдау көрсеткендей, қазіргі ғарыш саласының негізгі қозғаушы тетігі ретінде 5 бағыт қарастырылып келеді. Нақты айтқанда, салалық өнеркәсіптегі шығындарды азайтатын технологиялық өнімдерді дамыту қажет.
Спутниктік навигацияның маңызы зор
Сондай-ақ жеке инвестициялар көлемін ұлғайту, ірі көлемдегі деректерге тәуелді жаһандық экономикадағы цифрлы технологиялар үлесін арттыру, ғарыш индустриясын экономиканың даму көзі ретінде жолға қою, аталған саладағы ойыншылардың әскери және стратегиялық әлеуетін арттыру керек.
Отандық сарапшылардың айтуынша, Қазақстанға бұл жаһандық жарысқа қосылу үшін алдымен ақпараттық ресурстарды қалыптастырып, саладағы сервистік қызметті халықаралық деңгейге жеткізу арқылы заманауи ғарыш қызмет көрсету индустриясында орын алуға күш салу қажет.
«Жер планетасына әсер ететін сыртқы факторлар туралы мәлімет жерүсті, ғарыштық және астрономиялық обсерваториялар мен стансалар арқылы алынады. Алайда жерүсті жүйелерінің мүмкіндіктері шектеулі. Бұл ретте, Жер мен Күннің орбитасындағы ғарыш обсерваторияларының артықшылығы көп.
Біздің астрофизиктер қазір осы жаңа бағытта жұмыс істеп келеді. Ішкі әсер ету факторларына тоқталсақ, заманауи ғарыш жүйелері Жерге бағдарланған жаһандық біріктірілген өрісті қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.
Оның жарқын дәлелі ретінде Ресей Федерациясының «Глонасс», АҚШ-тың GPS сияқты ғаламдық навигациялық спутниктік жүйелерін айтуға болады. Сондай-ақ Еуропаның ғарыш агенттігі «Галилео» жүйесін және ҚХР «Бэйдоу» навигациялық жүйесін іске қосқаны мәлім. Екінші бағыт – әртүрлі санат пен мақсатқа арналған Жерді қашықтан зондтау ғарыш жүйелерін дамыту. Ғарыштық спутниктік байланыс жүйелерінің маңыздылығы да уақыт өткен сайын артып келе жатыр. Бұл салада ақпараттық қызметтердің кез келген түрін жедел ұсынудың әмбебап мүмкіндіктері бар. Мысалы, Жерді қашықтан зондтау жүйелері және спутниктік навигация бұл геокеңістіктегі деректер инфрақұрылымын құру мен оны арттырудың таптырмас құралы», деді «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Марат Нұрғожин.
Марсқа қамданудың төте жолы
Осыдан 15-20 жыл бұрын ғарышқа саяхаттап, басқа планеталарға экспедиция жасау мүмкін еместей көрінетін. Қазір бұл салаға жекелеген компаниялар қарқынды түрде тартылып жатқандықтан, оны да көретін күн алыс емес дейді мамандар. Десе де аталған бағытта әлі де шешілмеген мәселе көп.
«Ғарыш экспедицияларын отын, су және тамақпен қамтамасыз ету өзекті мәселенің біріне айналды. Америкалық ғалымдардың пікіріне сүйенсек, оны шешуге синтетикалық биология көмектесуі тиіс. Ғарыш агенттіктері мен жекелеген компаниялар мұндай жобаларды жүзеге асыруды ойластырып, қолға алып жатыр. Айталық, Марс планетасы азотқа, көмірқышқыл газына бай. Арнайы құрылғының көмегімен көмірқышқыл газынан 6 килоға дейін метан өндіріп, оны отын ретінде пайдалануға болады. Тиісті есептеулерге сәйкес, қызыл ғаламшарға жету үшін экипаж 10 тоннаға дейін азық-түлік алу керек. Егер де фотосинтезді, бактерияларды қолданса бұл мөлшерді едәуір азайтуға болады. Осы арқылы адамдарды өсімдік тағамымен ішінара қамтамасыз ету жолға қойылады. Әлбетте, бұл ұсынылған ғылыми тұжырымдаманы іске асыру үшін көптеген мәселені шешу қажет. Биологиялық өндірісте алғашқы қадамдар жасалғанымен, Марс экспедициясы әлі тек жоспарда тұр. Түптеп келгенде, биотехнология басқа планеталарға сапарлауды қамтып қана қоймай, онда тұрақтайтын стансалардың ұзақ жұмыс істеуге септігін тигізеді», деді Ұлттық биотехнология орталығының бас директоры Ерлан Раманқұлов.
KazSat-тың берері мол
Ғарыш саласындағы тағы бір маңызды бағыттардың бірі – байланыс жүйелерін дамыту. Республикалық ғарыш байланыс орталығының стратегиялық жобалар департаментінің директоры Әділқайыр Қадыр айтқандай, цифрлы технологиялардың қарқынды дамуымен бірге сапалы байланыс қызметтеріне де тұтынушылар тарапынан сұраныс артып, оған қойылатын талаптар күшейтіліп келеді.
«Еліміздің тұрғындарының сұранысын арттыру үшін 2004 жылы Республикалық ғарыш байланыс орталығы құрылған еді.Оның мақсаты отандық ғарыш байланыс жүйелерін дамыту саналады. 2004 жылдан бастап біздің компания KazSat сериялы телекоммуникациялық ғарыш аппараттары базасында спутниктік байланыстың ұлттық жүйесін дамыту бойынша міндеттерді табысты іске асырып келеді. Бүгінде KazSat ұлттық ғарыш байланыс жүйесін тиімді пайдалану тетігі жолға қойылған. Ол KazSat-2 және KazSat-3 спутниктік байланыс және хабар тарату жүйесінен тұрады. Сондай-ақ «Ақкөл» және «Көктерек» ғарыш байланыс орталықтары жұмыс істеп тұрғанын айта кеткен орынды. Бұл ғарыш аппараттарының ресурстары елімізге тиімді және сенімді спутниктік байланыс арналарын іске қосуға мүмкіндік берді. Оның өнімдері отандық тұтынушыға түрлі телекоммуникациялық қызметті ұсыну үшін қолданылады. Атап айтқанда, интернет желісіне, ұялы байланыс пен телерадио хабарларды таратуда оның пайдасы зор. KazSat спутниктері базасында Қазақстанның 16 телекоммуникациялық операторына, ұлттық компанияларға, әскери құрылымдарға, мемлекеттік органдар мен жекеменшік ұйымдарға қызмет көрсетіліп келеді. KazSat ғарыш сегментіне еліміздің барлық аумағындағы 15 мыңнан астам спутниктік байланыс стансасы қол жеткізіп отыр. Бұған қоса аталған ғарыш жүйесінің Жердегі инфрақұрылымын дамытуға да көңіл бөлінуде. Мәселен, «Көктерек» ғарыш байланыс орталығы базасында телепорт ұйымдастырылып, осы арқылы жаңа телекоммуникациялық сервистерді енгізуге мүмкіндік туды. Республика көлемінде KazSat-3 ғарыш аппаратының ресурстарын пайдалану арқылы кең жолақты интернетке жол ашылды. Телевизиялық хабар таратудың жоғары шешімдегі спутниктік желісі іске қосылды», деді Ә.Қадыр.
Әйтсе де отандық компаниялар жаһандану мен төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында ғарыш саласының да бір орында тұрмайтынын жақсы түсініп отыр. Сол себепті бұл индустриядағы соңғы үрдістерден қалыс қалмауға қамданып, ғылыми ізденістерін табысты жүзеге асырудың түрлі амалдарын ойластырып келеді