Өзбекстан астанасы Ташкентте өтіп жатқан ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының кезекті күнінде ел қоржыны екі жүлдемен толықты.
Жасөспірімдер арасындағы жаһандық додада 67 кило салмақта сынға түскен отандасымыз Ақмолда Сайрамкез әлем біріншілігінің күміс жүлдесіне ие болды. Қоссайыс нәтижесі бойынша ол 308 (132+176) килоны бағындырды. Аталған салмақта Түркия спортшысы Өзбек Фуркан 317 кило зілтемірді еңсеріп, әлем чемпионы атанса, отандасы Генч Юсуф 301 киломен үздік үштікті қорытындылады.
Сондай-ақ қыздар арасында бақ сынаған Гүлнұр Ыбырай қола жүлдені жеңіп алды. 64 килоға дейінгі салмақта өнер көрсеткен қандасымыз екі бағдарламада 205 (90+115) килоны көтерді. Айта кетейік, Ташкенттегі тартыстың алғашқы күнінде Абылай Әуелханов (55 кг) чемпион атанған болатын.