• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 30 Мамыр, 2021

Қазақстан – Италия – 11:3

235 рет
көрсетілді

Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы Латвияда өтіп жатқан әлем чемпионатының кезекті тур ойынын Апеннин түбегінен келген Италия хоккейшілерімен өткізіп, 11:3 есебімен басым түсті.

Бұл – Балтық жағалауында ұйымдастырылып жатқан әлем біріншілігінде тіркелген ең ірі есеп, былайша айтқанда, рекордтық нәтиже. Әзірше, АҚШ, Финляндия, тіпті, А тобында көш бастап тұрған Ресей мен Словакия хоккейшілері де мұндай көп шайба соға алған жоқ. 

Канаданы қапы қалдыра алмадық

Жерлестеріміз Италия құра­ма­сына дейін бесінші турда чем­пионаттың алғашқы үш ойынында жеңілістің кермек дәмін татқан Канада хоккейшілерімен ше­берлік байқасты. Аса тартысты өткен матчта Үйеңкі жапырақтар елі спортшыларының бағы жанып, жеңісті жұлып алды.

Қазақстан құрамасы кездесуді жап-жақсы бастағанымен, матч­тың 6-минутында қақпала­рына гол өткізіп алды. 4-минутта Дми-т­­рий Шевченко тәртіп бұз­ғаны үшін екі минутқа кіші айып­пен жа­заланып, командасын төрт ойыншымен қалдырды. Сан ба­сымдығына ие болған кана­да­лықтар бұл мүмкіндікті мүлт жіберген жоқ. Бастапқыда төре­шілер Эндрю Манджапаненің соққан голын есепке алмағанымен, бейнеқайталаудан кейін гол ойын жағдайында соғылды деген шешім шығарды.

Екінші кезең бастала салып Адам Хенрик Андрей Шу­тов қорғаған қақпаны дәл көз­деп, есеп­ті 2:0-ге жеткізді. Жерлес­те­рі­міз екінші 20 минуттықта ойын­­ға шындап кірісті. 24-минутта Никита Михайлис қарсы шабуыл­да қарсыластың қорғанысын бұ­зып-жарып, есеп айырмасын қыс­­қартты – 1:2. Екінші кезең соңына дейін біздің құраманың есепті теңестіретін мүмкіндіктері болған еді. Алайда төрт ойыншымыз тәртіп бұзып, 8 минут кем құрамда ойнағандықтан ша­буылға емес, қорғанысқа көбірек көңіл бөлуге мәжбүр болды. Де­генмен үшінші кезең бастала сала Қазақстан құрамасы бәрібір таблодағы көрсеткішті теңестірді. Кертис Волктың пасынан кейін қақпаны дәл көздеген Михайлис дубльдің авторы атанды. Бірақ жанкүйерлердің қуанышы ұзақ­қа созылмады. 48-минутта кана­далықтар тағы да есепте алға шығып, матч аяқталуға үш секунд қалғанда Коннор Браун біздің бос қақпағымызға командасының төртінші шайбасын соғып, кезде­судің нүктесін қойды – 2:4.

 

Италияны аса ірі есеппен жеңдік

Тартысты ойында қарсылас­тарына есе жіберген Юрий Ми­хайлис шәкірттері ертесіне Ита­лия хоккейшілерімен үш ұпай үшін бақ сынады. Барлық ойында жеңіліске ұшырап, турнир кес­тесінде соңғы орында келе жатқан италиялықтар біздің жігіттерге қарағанда бір күн демалып ойынға тың күшпен келген-ді.

Бүгінге дейін екі елдің хок­кейшілері әлем чемпионатында 6 рет кездесіп, екі құрама да үш ойыннан жеңіске жеткен. Ең кейінгі рет Қазақстан мен Ита­лия 2018 жылы Будапешт мұзайдынында жолығып, жеңіс италиялықтардың еншісінде кеткен еді. Сөйтіп Италия элиталы дивизионда өнер көрсетуге мүмкіндік алып, Қазақстан тө­менгі топқа түсіп қалған-тын.

Бұл матч сол бір ауыр же­ңілістен кейін есе қайтару үшін тамаша мүмкіндік еді. Соны тү­сінген біздің хоккейшілер 60 минут бойы мұзайдында аянып қалмады. Матч бастала сала сан басымдығына ие болған Қазақстан құрамасы «ә» дегеннен есеп ашып үлгерді. Голдың авторы – Роман Старченко. Бірақ италиялықтар да оңай шағылатын жаңғақ емес екендіктерін аңғартып, жер­лестерімізге біраз қарсылық көр­­­сетті. Алғашқы кезең 1:0 есе­­­бімен аяқталды. Үзілістен кейін қарсыластарымыздың ойын өрнегі өзгеріп сала берді. Шай­баға иелік ете салысымен қарсы шабуылға шыққан Ита­лия құрамасы 24-минутта өз де­гендеріне жетті. Никита Бояркин Анджело Мичелидің соққысын қайтара алмады. Екін­ші кезеңнің орта тұсынан ауғанда Егор Пе­тухов пен Евгений Рыма­рев бел­сенділік танытып, есепті 3:1-ге жеткізді.

Ал үшінші кезеңде Қазақстан құрамасы голдан жаңбыр жау­ғызып, жанкүйерлерге нағыз хок­кей мерекесін сыйлады. Бұл кезеңде жерлестерімізден Никита Михайлис, Кертис Волк, Артем Лихотников (дубль), Кирилл Па­нюков, Роман Старченко, Виктор Сведберг және Егор Шалапов гол соқса, италиялықтар Петер Хох­кофлер мен Алекс Петан екі голмен қарымта қайтарды. Қоры­тынды есеп – 11:3.

Жоғарыда айтып өт­кені­міз­дей, Қазақстан биылғы әлем чемпионатында бір ойында ең көп шайба соққан құрама атанды. Бұған дейінгі үздік нәтиже Германия хоккейшілеріне тиесілі еді. Олар да Италия құрамасына 9 шайба соғып, чемпионаттың үздік нәтижесін тіркеген болатын.

Сонымен қатар бұл – Қа­зақ­стан құрамасының әлем чем­пионаттарының (элиталы дивизионда) тарихындағы да ең ірі нәтижесі. Жерлестеріміз 2004 жы­лы Франция құрамасын 5:0 есе­бімен жеңсе, 2006 жылы Сло­вениядан да дәл осындай есеппен басым түскен еді.

Алты ойыннан кейін 10 ұпай жинаған Қазақстан құрамасы В тобының турнир кестесінде үшінші орында келеді. Бірақ өзге командаларға қарағанда бір ойын көп өткізген. Жерлестеріміз әлем чемпионатындағы соңғы ойынын бүгін Норвегия хоккейшілерімен өткізеді. Егер бұл ойында негізгі уақытта жеңіске жете алса, Қа­зақ­стан хоккейшілері тұңғыш рет Әлем чемпионатының плей-офф кезеңінде ойнайды.