Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда: бастауы, тарихы және мұрасы» тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиын барысында Алтын орда хандығының тарихы мен бүгінге жеткен мұрасы, Қазақ хандығының құрылуы туралы сөз қозғалды.
Іс-шараны ашқан Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев конференцияның Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келуінің зор символдық мәні бар екенін жеткізді.
«2015 жылы Елбасының тапсырмасымен елімізде Қазақ хандығының 550 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Бұл идеологиялық астары терең, мемлекеттік деңгейдегі шара болды. 1465 жыл – сөзсіз, бәріміз үшін қастерлі дата. Десек те этногенез процесі мен мемлекеттің қалыптасуы – бір күннің, тіпті бір ғасырдың да шаруасы емес екенін жақсы білеміз.
Керей мен Жәнібек хандар бастаған қазақ халқының Жетісуға қоныс аударуы оның қалыптасу кезеңінен өтіп, ұлтқа айналғанын айшықтайды. Ғалымдардың зерттеуінше, бұл процесс Ұлық Ұлыстың дәуірлеп тұрған уақытынан басталды. Мұны фольклорымыздан да көреміз. Жыр-дастандарымыздың қаһармандары – Едіге, әз-Жәнібек, Майқы би, Тоқтамыс, Асан қайғы сияқты Алтын Орда кезіндегі қайраткерлер.
Ең ескі күйдің бірі – «Ақсақ құлан» да Жошы ханның өліміне байланысты шыққаны баршамызға белгілі. Сондықтан Ұлық Ұлыс – біздің мемлекеттілік дәстүріміздің алтын бесігі деп толық сеніммен айта аламыз», деді Дәурен Абаев. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2019-2020 жылдар Ұлық Ұлыстың 750 жылдығын мерекелеуге арналғанын еске салды.
«Осы тұста Мемлекет басшысының «Тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек» деген маңызды ұстанымын естен шығармаған жөн. Өз ұлылығыңа мастану, тарихты мифпен араластыру, өткенімізді әсіре мақтанға айналдыру – өрге бастамайды. Керісінше, біз тарихты конъюнктурадан тыс зерттеп, ақтаңдақтар ақиқатын ашып, шешуші оқиғалар желісін мұқият қайта қалпына келтіруге тиіспіз.
Президенттің тапсырмасына сәйкес жақында Білім және ғылым министрлігінің жанынан құрылатын Жошы Ұлысын зерттейтін ғылыми институт та, негізінен, осы мақсатты көздейді. Институт атауының өзі айтып тұрғандай, біз Талас құрылтайынан бастап Кенесарының қазасына дейінгі тарихи дәуірді біртұтас кезең деп қабылдаймыз», деді Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары.
Дәурен Абаев Алтын орданың төл тарихымыздың маңызды тарауы екеніне екпін беріп, ол әртүрлі тілде сөйлеп, әрқилы дін ұстанатын көптеген халықты бір шаңырақ астына біріктіріп, озық мәдениетті дүниеге әкелгенін атап өтті. Оның дәуірлеген тұсында қазақ халқының этногенездік портреті қалыптасты.
«Алтын Орда уақытынан бері келе жатқан символдарды қазір де күн сайын көреміз. Ұлттық валютамыз – теңгенің атауы сол кезеңге тиесілі. Мемлекет басшысының резиденциясы Батудан Абылай ханға дейінгі Алтын Орда мен Қазақ хандығы әміршілерінің ордасы сияқты аталады.
Парасат пен төзімділікке құрылып, Ханафи мазхабына негізделген дәстүрлі дініміз Берке мен Өзбек хандардан мұраға қалған. Жаңа елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласы – Ұлы далада әсем шаһарлар салған Ұлық Ұлыс билеушілері ғұрпының жалғасы.
Мысалы, Сарайшық қаласы – Жошы ұлысының, Ноғай ордасы мен Қазақ хандығының рухани астанасы болды. Қазіргі Қызылорда облысы аумағында Жанкент, Жент, Барчкент, Түркістан өңірінде Сығанақ, Сайрам, Яссы, Созақ сияқты қалалар болған. Мұндай қалалар еліміздің солтүстігінен де табылуда. Бұған дәлел – жақында ғана Солтүстік Қазақстан облысындағы «Қызыл-оба» қорымынан шыққан құнды жәдігерлер.
Осылайша, біз бабаларымыздың шетсіз-шексіз аймақты мекен еткен көшпенділер емес, керісінше, өз уақытындағы көшпелі өмір мен отырықшы тұрмыс салтының озық тұстарын үйлестіріп, империялық деңгейде үстемдік құрған халық болғанын байқаймыз», деді Дәурен Абаев.
Алтын Орда – өткен тарихымыз ғана емес, бүгініміз бен болашағымыз деген спикер бүгінгі ортақ мақсат-мұратымыз бен қоғам болып бет алған бағдарымыз Алтын Орда кезінен бергі ғасырлық дәстүрлерден бастау алатынын жеткізді.
«Бірінші – орталықтан басқарылатын мемлекет. Ұлық Ұлыстың тарихи тәжірибесі осыны көрсеткендей, табиғаты қатал, аумағы үлкен Еуразия құрлығының кеңістігінде мықты «билік вертикалі» арқылы орталықтан басқарылатын мемлекет қана өсіп-өркендейді. Осы маңызды шарт Жошы Ұлысының «Алтын ғасырын» туғызды.
Екінші – меритократия. Алтын Орда мемлекеті мен қоғамының маңызды ерекшелігінің бірі – адамдарды элита қатарына жеке қасиетіне қарап қосты. Қарым-қабілетінің арқасында қарапайым жігіттен әуелі батыр, одан соң би, кейіннен Алтын Орданың беклербегіне айналған Едігенің ғұмыры – осыған анық дәлел. Бүгінде мемлекетіміз меритократияның басты қағидасын жүзеге асырып жатыр. Онсыз қоғамның жаңғыруы мен дамуы мүмкін емес.
Үшінші – тиімділік. Алтын Ордада мемлекеттік басқару мен логистиканың тиімді жүйесі құрылғаны тарихтан белгілі. Соның бірі – жәмшік қызметі. Ол кейіннен бірнеше ғасыр бойы Ресейде кеңінен қолданылды. Сондай-ақ «даруға» деп аталатын азаматтық әкімшіліктің жүйелі жұмысы да осыған мысал бола алады», деді Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары.
Дәурен Абаевтың сөзіне сүйенсек, екпін беретін төртінші мәселе – ғылым-білім ғұрпы. Өзбек пен Жәнібек хандардың билік құрған уақытында Алтын Ордаға көптеген елден ғалымдар ағылып келіп жатқаны көпшілікке аян. Сонымен бірге қаншама медреселер салынып, ол жерде тек діни ілім емес, математика, медицина және басқа да ғылым үйретілген.
«Бесінші – диалог мәдениеті. Еуразия кіндігінде орын тепкен алып империя – Алтын Орданың құрамында о бастан-ақ тілі, діни сенімі мен салт-дәстүрі әртүрлі халықтар өмір сүрді. Олардың екі ғасыр бойы бір мемлекетте бірге тіршілік етуі диалог мәдениетінің, рухани байлықтың және өзгеге деген құрметтің көркем үлгісіне ұласты. Этносаралық қатынастарды реттеу, біртұтас азаматтық ұлт құру ісінің қазақстандық моделінен Алтын Ордалық қағидатты көруге болады. Мұнда бірлік – біркелкілік дегенді білдірмейді.
Алтыншы – халықаралық медиация мәдениеті. Алтын Орда Шығыс пен Батысты жалғайтын көпір іспетті болды. Ұлы Жібек жолының солтүстік бағытында орналасқан империя өркениеттер арасындағы жан-жақты диалогті – материалдық құндылықтармен қатар, идеялар мен инновациялардың алмасуын қамтамасыз етті. Тарихқа көз салсақ, Алтын Орданың саясатынан Елбасының БҰҰ ұйымы Бас Ассамблеясының мінберінен таныстырған «Үлкен Еуразия» жобасының үлгісін көре аламыз.
Жетінші – адами құндылық. Мемлекеттік басқарудың орталықтандырылғанына қарамастан, Алтын Орда ешқашан классикалық түрдегі «шығыс деспотиясы» болған емес. Қоғамның өзегін билікке деген қорқыныш емес, халқымыз имандылық деп айтатын рухани түпнегіз құрады. Қазір де қоғамымыздың табан тірер тұғыры, ынтымақтастықтың негізі – «әлеуметтік рейтинг» емес, имандылық пен мәңгілік рухани құндылықтар», деді Дәурен Абаев.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда татар ғалымы Марат Гибатдинов Ресей ғылымының Алтын Орда туралы пайымы қандай эволюцияны бастан өткеріп жатқанын баяндады.
Х.Фаезханов атындағы Ұлттық білім беру тарихы мен теориясы орталығы басшысының міндетін атқарушы, Татарстан Республикасы ғылым академиясы тарих институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының доктары Марат Гибатдиновтың айтуынша, Татарстанда Алтын Орданы нағыз ғылыми негізде зерттеу тек тоқсаныншы жылдары ғана жолға қойылған. Бұл зерттеулер біртіндеп, Ресей ғылымының да аталған мәселеге басқа қырынан қарауына түрткі болса керек. «Алтын Орда тақырыбы – тек Қазақстан үшін ғана емес, татарлар мен түркі әлемі үшін ғана емес, бүкіл Ресей үшін де өте өзекті. Алтын Орда тарихын Ресей оқулықтарында «Орда шапқыншылығы» деп сипаттаудың кесірінен ғылыми еңбектер мен жарияланымдарда қанша дау мен дақпырт болғанын бәріңіз білетін шығарсыздар. Абырой болғанда, бүгін Ресей Федерациясы бұл тұжырымды қайта қарау керектігін түсініп отыр. Енді оқулықтарда бір кездегідей «Орда шапқыншылығы» немесе «татар-монғол езгісі» деген ұғымдарды көрмейсіздер. Яғни бұл кезеңнің тарихы қазір Ресейде ресми түрде тарихи шындыққа жақын сипаттала бастады», деді ғалым.
Татарстаннан онлайн байланыс арқылы сөз сөйлеген тарихшы Алтын Орда тарихын насихаттау ісінде әлі де шешімін таппаған мәселелер туралы да сөз қозғады.
«Оқулықтар жөнге келгенімен, әлі де болса Алтын Орда тарихын Ресейдің тұтас тарихынан бөліп қарау белең алып отыр. Ресей тарихындағы Алтын Орданың орны туралы сөз болғанда басқыншылық кезеңі мен азаттық күрес жылдары ғана оқытылып жүр. Ал Алтын Орда өркениетінің мәдени, ғылыми, мемлекеттік басқару мұрасы туралы көп айтылмайды. Оның өркениеті туралы Ресейден бөлек бір елдің бөтен өркениетіне ойша саяхат сипатында берілген», деді Марат Гибатдинов.
Татар ғалымы сөзінің соңында Алтын Орда тарихы – Еуразия кеңістігіндегі ондаған мемлекет пен халықтың ортақ тарихы болғандықтан, оны жеке-жеке зерделемей, бірлесіп зерттеп, ортақ пайымға келудің маңызы зор екенін баса айтты.
Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, философия докторы Жақсылық Сәбитов өз сөзінде «Жамиға Ат-Тауарих» еңбегінің 3 тілдегі нұсқасын бір ізге түсірудің маңызы туралы әңгімеледі.
«ХІХ ғасырда Алтын Орданы зерттеген көрнекті ғалымның бірі – Шоқан Уәлиханов. Ол өзінің отыз жыл ғұмырында өте ауқымды ғылыми еңбек сіңіріп кеткен. Қазірге дейін оның бұл ерлігін ешкім қайталай алған жоқ. Тіпті ол өз уақытынан 150 жылға озып кеткен. Оның еңбектеріндегі тезистердің көбі әлі күнге дейін өзекті. Оның жазған еңбектері қазіргі біздің оқулықтардан да озық деуге болады. Ал оның бұл тақырыпта өте мазмұнды әрі жемісті еңбек етуіне Қадырғали Жалайыридің «Жамиғ Ат-Тауарих» еңбегін білгені көп септігін тигізген», деді ғалым.
Сондай-ақ Жақсылық Сәбитов Қадырғали Жалайыридің еңбегін Жошы Ұлысы – Алтын Орданың тарихына дала перзентінің көзімен ғылыми баға берген ең іргелі туынды деп атады. Оның айтуынша, Алтын Орда тарихын зерттеген қазақтың көрнекті ұлдарының бәрі бұл еңбекті айналып өтпеген. Ең бастысы – аталған еңбекте Алтын Орда қазіргідей Астрахань, Қазан, Сібір хандығына бөлек-бөлек сипатталмаған. Керісінше Алтын Орданың иелігін тұтас мәдени кеңістік ретінде сипаттаған.
«Жамиғ Ат-Тауарихтың» төрт қолжазбасы бар. Татар тілінде – екеу, қазақ тілінде – бір, ұйғыр тілінде бір нұсқасы қалған. Салыстырып қарасақ, араларында айырмашылық бар. Мысалы, татар тіліндегі екі нұсқасының өзінде айырмашылық кездеседі. Бірінде Ақ Орда туралы айтылса, екіншісінде Ақ Орда туралы сөз жоқ. Осы қолжазбаларды біріздендіріп, үлкен жалғыз мәтін қалыптастырмасақ және қолжазбалардағы айырмашылықтарға ғылыми баға бермесек, қателесе береміз. Мысалы, «Мәдени мұра» аясында осы еңбек басылып шыққанда Орыс ханға қатысты қателік кеткен. Қадырғали Жалайыридің еңбегі Алаш ұғымының шығу тарихынан мәлімет беретін алғашқы дереккөз ретінде де құнды. Ондағы «Алаш мыңы» ұғымы қазақ жүздерінің қалай пайда болғанынан хабар береді», деді Жақсылық Сәбитов.