• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 31 Мамыр, 2021

21 миллионның малын ұрлағандар ұсталды

326 рет
көрсетілді

Түркістан облысының полицейлері құны 21 миллион теңгеден асатын өзгенің малын талан-таражға салғандарды құрықтады, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Сайрам аудандық Полиция басқармасына мал шаруашылығымен айналысатын жергілікті тұрғын арызданған. Ер адамның айтуынша, ол 37 бас ірі қара малын (1-1,5 жасар ақ бас сұрыпты бұқа) Қырғызстан Республикасына сату үшін өзіне жақын таныс емес екі азаматқа сеніп тапсырған. Алайда бес күндей уақыт өтсе де сенім білдірген адамдарынан хабар болмаған. 

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 189-бабымен (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) тіркеуге алынып, орын алған қылмысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеген сайрамдық тәртіп сақшылары, шұғыл іздестіру шараларын жүргізген. Жәбірленушінің жауабы, басқа да келіп түскен ақпарат көздері арқылы күдіктілердің жеке-басы анықталады. Полицейлер кінәлілердің ізіне түсіп, оларды Шымкент қаласына жасырынған жерлерінен ұстап, Полиция басқармасына жеткізеді. Күдіктінің екеуі де жергілікті тұрғын болып шықты.

Белгілі болғандай ұсталған екеу өздерінің басқа тағы үш танысымен бірлесіп, құны 21 миллион теңгеден астам тұратын бұқаларды тиісті жерге апармай, Сайрам ауданында бірнеше адамға арзан бағаға сатып үлгерген. Ақшаларын бөліп алып, өз қажеттіліктеріне жаратқан. Бүгінде полицейлер өзгенің малын талан-таражға салған күдіктілердің екеуін қамауға алса, қалған үшеуіне қатысты іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Одан бөлек, тәртіп сақшылары сатып алған тұрғындардан ірі-қара малдардың 26 басын айғақты зат ретінде тәркілеп, заңды иесіне қайтарды.