Үш аптаға созылған велошабандоздар арасындағы ең белді жарыстардың бірі – «Джиро д’Италия» көпкүндігі кеше өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Айтулы көпкүндікте «Астана» велоклубының мүшелері арасында ең үздік нәтижеге Александр Власов қол жеткізді. Жарыс бел ортаға таяған тұста үздік үштіктің санатына енген 25 жастағы ресейлік легионер 11,12 және 13 кезеңдерде екінші орынға тұрақтады. Одан кейін төртінші сатыға сырғып түсіп, дүбірлі дода аяқталғанға дейін Власов сол орнын сақтап қалды. Ол жарыс жеңімпазынан 6 минут 40 секунд қалып қойды.
Ал биылғы «Джиро д’Италия» додасында топ жару бақыты Колумбияның қыраны Эган Бернальға бұйырды. «Ineos Grenadiers» клуб сапында өнер көрсететін 24 жастағы велошабандоздың көрсеткіші – 86 сағат, 17 минут, 28 секунд. Екінші және үшінші орындарды италиялық Дамиано Карузо («Bahrain Victorious») мен ұлыбританиялық Саймон Йейтс («Team BikeExchange») иеленді.