Сенатта Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысы болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы поляр маңындағы орбиталарға солтүстік бағытта ғарыш аппараттарын ұшыру үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз-2» типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыруды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» және «1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобалары талқыға салынды.
Құжаттар «Союз-2» зымыран-тасығыштарын ұшыру кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тараптардың міндеттерін нақты айқындауға мүмкіндік береді.
«Құжаттарда халық пен аумақтардың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тараптардың міндеттемелері, сондай-ақ басқа да бірқатар мәселе жазылған. Құжаттарды ратификациялау ғарыш айлағын коммерциялық ұшырулармен жүктеуді ұлғайтуға мүмкіндік береді, бұл бүкіл Байқоңыр кешенінің тыныс-тіршілігіне оң әсерін тигізеді», деді Талғат Мұсабаев.
Заң жобалары сонымен қатар бұрынғы міндеттемелерді үйлестіруге, сондай-ақ «Байқоңыр» кешенінің ғылыми-техникалық, өндірістік және әлеуметтік-мәдени әлеуеті мен инфрақұрылымын сақтауға, тиімді пайдалануға және дамытуға мүмкіндік береді.