Коронавирус пандемиясы өзімізден жырақта болып жатқан дағдарыстарға «бізге қатысы жоқ мәселе» деп қарамауды үйретті. Әлемнің кез келген нүктесінде болған оқиға жер шарындағы адамның бәріне әсер етуі мүмкін. Сондықтан Африкадағы пандемияның салдарымен күресу өте маңызды.
Әлемнің басқа өңірлерімен салыстырғанда, Африкада COVID-19 вирусы жұққан және инфекциядан көз жұмған адамдар саны аз болғанымен, пандемияның құрлыққа әсері ұзақ әрі терең сипатта жүріп, бүкіл жер шарына тұрақсыздық әкелуі ықтимал. Бір жылдың ішінде пандемия ширек ғасырда қол жеткен экономикалық өсімді тоқтатып, өндірістік-жеткізу тізбегін бұзып, теңсіздік пен кедейліктің ұлғаюына әкелді.
Коронавирус пандемиясын еңсеру мүмкіндігін жоғалту қаупі Африкаға ғана төніп тұрған жоқ. Әлемдік экономика да болашақтағы өсім драйверін жоғалтуы мүмкін.
Африкада пандемия дағдарысын жеңіп, әлемді іскер әрі жаңашыл жастар, жергілікті өндірістік базаны қамтамасыз ете алатын табиғи ресурстар мен құрлықтық интеграция жобасынан тұратын тұрақты дамудың жаңа тізбегіне әкелуге қажеттінің бәрі бар. Бірақ Африканың мұндай үлкен әрі күтпеген дағдарысты жеңіп шығатын құралдары жоқ.
Халықаралық валюта қорының есебінше, 2025 жылға қарай Африка елдеріне 285 миллиард доллар көлемінде қосымша қаржыландыру керек болады. Бірақ бұл ресурстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін механизм мен қалпына келтіру жоспары жоқ. Басқа өңірлерде экономиканың жедел қалпына келуі байқалып жатқанда Африканың дәл осы тетіктердің көмегімен пандемияға қарсы күресе алмауы экономикалық және әлеуметтік дағдарысқа әкеліп соғуы мүмкін. Бұл Африка жастарын өздері лайық әрі аса қажет мүмкіндіктерден айырады.
Пандемия басталғаннан кейін біраз уақыттан соң халықаралық ынтымақтастық өз жемісін бере бастады. G20 тобының аясында кедей мемлекеттердің қарызын өтеуге төлемдер бөлу тоқтатылды. Бірақ Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк және Еуропа елдері сияқты донорлар аталған мемлекеттерге қаржылай көмек берді.
Ондаған жыл бойы халықаралық ынтымақтастықты қолдап келген институттар қазір өз шегіне жетіп қалды. Оларды аз уақыттың ішінде вакцинаға қол жеткізудегі теңсіздік әлсіретті. Сондай-ақ ешқандай төтенше шаралармен тоқтата алмайтын экономикалық қайшылықтар да әсер етті.
Міне, сондықтан да жаңа шекара, батыл әрі мақсатқа толы жаңа бағыт керек. Бұл бастаманың бірінші сынағы – коронавирус вакцинасына қолжетімділік болуы тиіс. Алдағы айларда COVAX, коронавирусқа қарсы күреске қажетті құралдарға қолжетімділікті қамтамасыз етуге арналған акселератордың (АСТ) вакцина компоненті, Африканың вакцина сатып алу жөніндегі мақсатты тобы арқылы осы құрлыққа вакцинаның миллиондаған дозасы жеткізіледі. Алдын ала тапсырыс берілген вакцина дозасы әртүрлі бағытта таратылады, бірақ бірінші кезекте, вирустан медициналық қызметкерлерді қорғауға көңіл бөлінеді.
Бірақ бұл жеткіліксіз. Қазір вакциналау әлемдегі маңызды экономикалық саясат саналады. Оның артықшылығы – триллиондаған, ал құны миллиардтаған долларға бағаланады. Бұл – қысқа мерзімге салынған ең табысты инвестиция. Африкадағы індеттің алдын алу және бақылау орталығы белгілеген көрсеткішті орындап, Африканы вакцинамен қамтамасыз ету деңгейін 60-70% жеткізу үшін ACT акселераторын қаржыландыруды арттыратын инновациялық қаржылық құралдарды іске қосуымыз керек. Біз Халықаралық валюта қорын осы мақсатқа қаржы бөлу үшін арнайы иелену құқығын пайдалануға мүмкіндік беруге шақырамыз.
21 мамырда өткен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі бүкіләлемдік саммиттің Рим декларациясында болашақта болатын пандемияларды еңсеру үшін дамушы елдерге куәлік беріп ғана қоймай, вакцина өндірудегі тәжірибемен де бөлісу керектігі айтылған. Қазір Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Африканың арасында зияткерлік меншік туралы келісімге қол қою жөніндегі келіссөздер жүріп жатыр. Африка РНК ақпараттық технологиясын пайдаланып, вакцина өндіріп, Дүниежүзілік сауда ұйымының аясында зияткерлік меншік құқығы режімінің сауда аспектілері туралы (TRIPS) келісім жасауы керек. 18 мамырда Африка, Еуропа басшыларының және қаржы нарығындағы көшбасшылардың қатысуымен өткен Париж саммитінің арқасында алдағы уақытта мұндай өндірістік әріптестікке қаржы бөлініп, қолдау көрсетілетін болды.
Африка үшін жаңа бағыттың екінші компонентіне денсаулық сақтау, білім беру және климаттың өзгеруіне қарсы күрес саласына үлкен инвестиция құюды жатқызуға болады. Африка құрлығы тағы да шектен тыс қарызға батпауы үшін бұл қаржының қауіпсіздік және инфрақұрылым сияқты басқа салаларға жұмсалуына жол бермеуіміз керек. Кейбір Африка мемлекетінің халықаралық қаржы нарығындағы жақсы жетістіктеріне қарамастан, жеке кредиторлар алдағы уақытта Африкаға қаржы ресурстарын бөлмейді.
Африкаға позитивті шок керек. Париж саммитінде 650 миллиард доллар арнайы иелену құқығы қайта бөлінді. Оның 33 миллиард доллары Африка мемлекеттеріне беріледі. Қазір біз көмек көлемін ұлғайтып, өз мойнымызға тағы екі ерікті міндеттеме алғалы отырмыз.
Біріншіден, басқа мемлекеттердің арнайы иелену құқығының бір бөлігін Африкаға бергенін қалаймыз. Ресурстарды осылай бөлу Африка мен басқа да кедей мемлекеттерге 100 миллиард доллар ақша аударуға мүмкіндік береді.
Екіншіден, африкалық институттардың қатысуымен басқа мемлекеттердің арнайы иелену құқығынан түскен қаржы құрлықты қалпына келтіруге және 2030 жылға дейін тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға жұмсалуы керек. Бұл халықаралық қаржы архитектурасын қайта қарап, Африка мемлекеттеріне бұрынғыдан көбірек көңіл бөлуге жол ашуы мүмкін.
Біз халықаралық қауымдастық өкілдерін өздеріне осындай екіжақты міндеттеме алуға шақырамыз.
Африканың ең маңызды артықшылығы саналатын кәсіпкерлік қарқынына назар аударған жөн. Құрлықтағы шағын және орта бизнес болашақта Африкадағы әйелдер мен жастарды құтқарушы күшке айналады. Тек қазір жеке сектор бейресмилік пен қаржы тапшылығынан зардап шегіп отыр. Осы себептен африкалық кәсіпкерлердің қаржыға қолжетімділігін арттыруға көңіл бөліп, олардың жобаларына бастапқы кезеңде қолдау көрсетуіміз керек.
Париж саммитінің алдында Африкада вакцина өндірісін бастау арқылы коронавирусқа қарсы вакцинаны жалпыға бірдей қолжетімді ету, халықаралық жаңа қаржы архитектурасы арқылы панафрикалық институттардың позициясын күшейту, мемлекеттік және жекеменшік инвестицияларды жандандыру және Африка елдеріндегі жеке секторды кең көлемде қаржыландыруды қолдау сияқты төрт мақсат болды. Ендігі мақсатымыз – Францияның Еуропа Кеңесіне алты айлық төрағалығы аясында, халықаралық форумдарда аталған мақсаттарды насихаттау.
Бұл пікірге сондай-ақ Португалия премьер-министрі Антониу Кошта, Испания премьер-министрі Педро Санчес Перес-Кастехон, Бельгия премьер-министрі Александр де Кро, Еуропа Кеңесі президенті Шарль Мишель, Еуропа Комиссиясы президенті Урсула фон дер Ляйен, Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бин Салман, Абу-Дабидің мұрагер ханзадасы Мұхаммед бин Зайед, Конго Демократиялық Республикасы президенті және Африка Одағының төрағасы Феликс Антуан Чисекеди Чиломбо, Того президенті Фор Гнассингбе, Кот-д’Ивуар президенті Алассан Уаттара, Мысыр президенті Абдул-Фаттах Халил әл-Сиси, Мозамбик президенті Филипе Ньюси, Нигерия президенті Мұхаммаду Бұхари, Буркино Фасо президенті Рок Марк Кристиан Каборе, Комор аралдары президенті Азали Ассумани, Гана президенті Нана Акуфо-Аддо, Ангола президенті Жуан Лоренсу, Эфиопия президенті Сахле-Ворк Зевде, Мавритания президенті Мұхаммед ульд әл-Газуани, Тунис президенті Каис Саид, Малидің бұрынғы президенті Бах Н’Дау, Нигер президенті Мұхаммед Базум, Чадтың премьер-министрі Альберт Пахими Падаке, Судан премьер-министрі Абдалла Хамдук, Конго Республикасы президенті Денис Сассу-Нгессо, Бенин президенті Патрис Талон, Камерун президенті Поль Бийя, Африка Одағы комиссиясының төрағасы Муса Факи қол қойды.
Эммануэль МАКРОН,
Франция президенті
Поль КАГАМЕ,
Руанда президенті
Сирил РАМАФОСА,
Оңтүстік Африка президенті
Маки САЛЛ,
Сенегал президенті
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org