• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
02 Маусым, 2021

Үздік фотографтар марапатталды

510 рет
көрсетілді

Алматыда Іле-Алатау ұлттық паркінің визит-орталығында «Қазақстанның тұмса табиғаты» бірінші республикалық фотобайқауы қорытындыланып, жеңімпаздардың есімі жарияланды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған байқауды Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі National Geographic Qazaqstan журналының редакциясымен бірлесе ұйымдастырған болатын.

Доданың басты мақсаты – адам мен табиғаттың өзара әре­кеттесу мәселелеріне қо­ғам назарын аудару, табиғи алуан­түрлілікті сақтау және қор­шаған ортаға деген құрмет идеясын кеңінен насихаттау. Ұйымдастырушылар жануар­ларға жасалатын қатыгездіктің алдын алу мен жанашырлық сезімін ояту, өсімдіктер әлеміне ұқыпты қарау идеяларын өнер туындылары арқылы кеңінен дәріптеу қажет деп есептейді.

«Байқауға арналған сайтта 782 адам тіркеліп, 1515 сурет сайысқа түсті. Суреттердің басым көп­ші­лігі композициялық тұр­ғы­­дан әдемі болғандықтан қа­зылар алқасының алдында үлкен жауапкершілік пен қиын таңдау тұрды. Жалпы, эко­ло­гиялық ағартушылық, эко­логия­лық сананы көтеру жұ­мы­сының бір бөлігі ретінде осы байқауды Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығы мерекесіне арнап ми­нис­тр­ліктің қолдауымен бірінші рет ұйымдастырып отырмыз. Ай­мақтардағы экология, жануар­лар әлемі проблемаларын осын­­дай фотосуреттер арқылы көр­сетуді мақсат тұттық», дей­ді National Geographic Qazaq­stan журналының бас редакторы Еркін Жақыпов.

Үш кезеңнен тұрған баға­лаудан кейін қазылар алқасы 4 аталым бойынша жеңім­паздарды анықтады. Қас қа­ғым сәтті мәңгілік тарихқа айнал­дырған Александр Власюк Melolontha туындысымен топ жарса, белгілі фотограф – Фархат Қабдықайыров «Бәбісек ба­лапанын тамақтандыру» атты еңбегімен көш басынан кө­­рінді. Қазақстан пейзаждары аталымында «Хан Тәңірі» туын­дысымен Ернұр Манапхан дара шықса, Қазақстан жан-жануарлары аталымында Па­вел Михеев «Соперник» атты фо­тосуретімен жеңімпаз атанды.

Сондай-ақ «Туранга Групп» компаниясы атынан «Аюсай» аталымын «Egemen Qazaq­stan» республикалық газе­ті­нің фо­тотілшісі, әріптесіміз Ер­­лан Омар иеленді. Іле-Ала­тау паркіндегі әйгілі шатқал­дың атымен аталған аталым ұлттық парктердің таби­ғатын шебер бейнелеген қаты­су­шы­ларға ұсынылады. Отан­дық әуес­қой және кәсіби фотографтар ара­сындағы байқаудың әр аталым жеңімпазына 300 мың теңге сый­ақы табысталды. Табиғат пен жануарлар әлемін әйгілеген додада топ жарған фотосуреттерді қо­са жариялап отырмыз.

 

АЛМАТЫ