Теннистен Қазақстанның ерлер құрамасының қос өкілі де Парижде өтіп жатқан «Ролан Гаррос» турнирінде жеңіліс тауып, жарыс жолынан шығып қалды.
Бұған дейін біз Михаил Кукушкиннің испаниялық Алехандро Давидович-Фокинадан ұтылғаны жайында жазған едік. Одан кейін Александр Бублик сүрінді. Ол әлемнің екінші ракеткасы Даниил Медведевпен күш сынасқан еді, Бубликтің ресейлікке әлі жетпеді – 3:6, 3:6, 5:7.
Әйелдер сайысында Елена Рыбакина бастаған жеңісті жолды Зарина Диас жалғастырды. Жерлесіміз WTA тізімінде 68-орында тұрған ұлыбританиялық Хизер Уотсоннан айласын асырды – 6:4, 7:5. Келесі кезеңде Зарина бельгиялық Элисе Мертенспен кездессе, Елена жапониялық Нао Хибиномен шеберлік байқасады.